Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұлданды. Құжат Қазақстан мен Оман арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және қосарланған салық салуды жою арқылы инвестиция тартуға бағытталған.
«Қаралған заң тараптардың салық заңнамаларын біріздендіру арқылы инвестициялық тартымдылықты одан әрі арттыруды көздейді. Осы мақсатпен Келісім арқылы салық салуға жататын табыстың түрлері және салықтық ақпаратпен алмасу тетіктері айқындалып отыр. Жалпы, бұл заң Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығы арасындағы экономикалық ынтымақтастықты арттыра түседі деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Заңда резиденттік, тұрақты мекемелер, салық салынатын табыстарды бөлу (дивидендтер, пайыздар, роялтилер) мәселелері реттеліп, салық салуда кемсітушілікке жол бермеу кепілдігі қарастырылған. Сонымен қатар құжатта ақпарат алмасу, өзара келісу және жеңілдіктерді шектеу тәртібі бекітілді. Мұндай қадам екі елдің құқықтық базасын кеңейтіп, қосарланған салық салуды жоюға және халықаралық стандарттарға сай салықтан жалтаруға қарсы іс-қимылдың тиімділігі арттыруға мүмкіндік береді.
Отырыс барысында депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды да мақұлдады. Аталған құжат нормалары Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді. Келісім Еуразиялық экономикалық одақ аумағы арқылы тауарларды транзиттік тасымалдау кезіндегі кедендік операцияларға қатысты құқықтық қатынастарды реттейді.
Күн тәртібінде қаралған келесі мәселелер – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар.
Осы заңдар арқылы мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу тетігі енгізілді. Сондай-ақ аталған жағдайлардың алдын алу шараларын қабылдамағаны үшін жауапкершілік белгіленді. Бұдан басқа, цифрлық кадрлық жүйені енгізу, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі кадрлық процестерді реттеу, бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған тұлғаларды жұмысқа қабылдауға қатысты шектеулерді нақтылау мәселелері қамтылды. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар қатарын кеңейту, жақын туыстарының және өзге де байланысы бар тұлғалардың бірлескен қызметіне байланысты шектеулерді күшейту және мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі бақылау тәртібін жаңғырту қарастырылған.
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңдарды да екі оқылымда қарады. Палата депутаттары бұл заңдар педагогтердің құқықтарын қорғауды күшейтіп, педагог кадрларды мақсатты әрі сапалы даярлауға, сондай-ақ, денсаулық сақтау мен бала құқықтарын қорғау саласындағы ахуалды жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Мақұлданған заңдар бірқатар саладағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, педагогтердің құқықтары мен заңды мүдделерін қосымша қорғау тетіктері енгізіліп отыр. Білім беру саласында елімізде тіркелген шетелдік жоғары оқу орындарының қызметін жетілдіруге арналған нормалар айқындалды. Денсаулық сақтау жүйесінде интернатура арқылы кадр даярлау нысанының ерекшеліктері мен шарттары белгіленді. Жалпы, бұл заңдар педагог мәртебесін нығайтып, жекелеген салалардағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Заңға сәйкес, білім беру органдарына мектептерде оқушылардың ұялы телефон пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту құзыреті беріледі. Жергілікті атқарушы органдар енді өңірлік олимпиада жеңімпаздарының республикалық деңгейдегі жалпы білім беретін пәндер олимпиадаларына, ғылыми жобалар байқауларына, орындаушылар конкурстарына, спорттық жарыстар мен кәсіби шеберлік байқауларына қатысуын қамтамасыз етуге міндетті болады.
Сондай-ақ енді педагогтер білім алушыларға қатысты оқыс оқиғалар үшін тек кәсіби қызметін атқару кезеңінде, оның ішінде білім беру қызметіне байланысты лауазымдық міндеттерін орындау барысында ғана жауапты болады. Бұдан бөлек, заңда педагогтен білім беру заңнамасында көзделмеген есептілік немесе ақпарат талап еткені, құжаттарды бір мезгілде қағаз және электронды форматта жүргізу міндетін жүктегені, сондай-ақ, мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтерін кәсіби қызметіне қатысы жоқ мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларына тартқаны үшін ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Отырыс барысында сенатор Бекбол Орынбасаров Үкіметке өзінің депутаттық сауалын жолдап, тұрғын үй құрылысы мен жобаларды қаржыландыру мәселелеріне назар аударды. Ол аталған түйткілді шешу үшін республикалық бюджет есебінен іске асырылатын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын қаржыландыру шарттарын қайта қарауға және қосымша нысаналы трансферттер бөлуге қатысты бірқатар ұсыныс айтты.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)