Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Бибигүл Жексенбай Токиода ядролық қарусыздану мәселелерін талқылады

01.06.2026 191

Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай Жапонияға жұмыс сапары аясында Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты атанған атом және сутегі бомбалары құрбандары ұйымдарының Жапон конфедерациясы – Nihon Hidankyo ұйымының басшылығымен кездесті.

Кездесуге ұйымның Бас хатшысы Джиро Хамасуми, сондай-ақ Бас хатшының орынбасарлары Тошико Хаманака, Масако Вада және Мичико Кодама қатысты.

Сенатор жапон тарабына Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын жеткізіп, ұйымның ядролық қарудан азат әлем құру идеясын ілгерілетудегі қызметінің ерекше маңызын атап өтті.

Бибигүл Жексенбай бұл мәселенің Қазақстан үшін Семей ядролық сынақ полигонының зардаптарына байланысты айрықша мәнге ие екенін айтты. Биыл полигонның жабылғанына 35 жыл толып отыр.

«Азаматтарды жеке қабылдау барысында да, өңірлерге сапарлар кезінде де Семей полигонының зардаптарына қатысты өтініштер тұрақты түрде түседі. Халықпен кездесулерде зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау, оларды медициналық қолдау, кейінгі ұрпақтардың денсаулығын бақылау, сондай-ақ полигонды жабу жұмыстарына қатысқан әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін жетілдіру мәселелері үнемі көтеріледі», – деді сенатор.

Кездесу барысында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай Қазақстанда бастау алған «Балалар бейбітшілікті бейнелейді» халықаралық акциясы таныстырылды. Бастама балалар шығармашылығы арқылы бейбітшілік мәдениеті мен ядролық қарусыздану идеяларын насихаттауға бағытталған.

Өз кезегінде Джиро Хамасуми қазақстандық бастамаларды қолдайтынын білдіріп, ядролық қаруды қолданудың салдары туралы тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы ядролық қауіпсіздік, ғылыми алмасу, қоғамдық бастамалар және жастар жобалары салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

 

Бөлісу