Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Жаңалықтар

Сенаторлар Алматыда қылмыс деңгейінің төмендегеніне назар аударды

08.01.2021 276

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков және Палата депутаттары Сәуле Айтпаева мен Сұлтанбек Мәкежанов Алматы қаласының прокуратурасына барды. Сапар барысында олар еліміздің бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжановпен, ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидимен және Алматы қаласы полиция департаментінің басшылық құрамымен кездесті.

Құқық қорғаушылар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында қылмыстың алдын алу органдары негізгі процессуалдық шешімдерді электронды форматта прокурорлармен келісуді қарастыратын жаңа тәртіпке көшкенін айтты.

Кездесуде Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінің ақпараттық базасы таныстырылды. Ол арқылы тергеушілер прокурордың келісімі бойынша тұлғаны күдікті ретінде тану, іс-әрекеттің дәрежесі, мерзімді тоқтату туралы процессуалдық шешімдерді қарайды.

«Енгізілген түзетулер қылмыстық тергеуге алынған азаматтардың құқын қорғауды күшейтетіні сөзсіз. Сондай-ақ, процессуалдық шешімдер қабылдау кезінде айыптаушы көзқарасты төмендетуге және әділдікті арттыруға қатысты шаралар қабылданды. Азаматтардың құқығына қатысты негізгі шешімдерді прокурорлармен келісу – қылмыстық процесті үшбуынды модельге көшірудің маңызды кезеңі», – деді Владимир Волков.

Сонымен қатар ол құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша Парламент қабылдаған заңдарға және атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

Өз кезегінде ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди ішкі істер органдары жүйесін реформалаудың негізгі кезеңдері туралы айтты және полицияның қызметтік моделін енгізу жұмыстарына назар аударды.

Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов шаһардағы қылмыстық ахуал туралы баяндап, бұл мәселенің бақылауда екенін жеткізді. Қабылданған шаралардың арқасында 2020 жылы мегаполистегі қылмыс 47,8 пайызға қысқарды. Бұл үрдіске әсер еткен негізгі жұмыстардың бірі модульді стационарлық полиция бекеттерін орналастыру екенін атап өткен жөн. Аталған 37 бекет қаланың қылмыс көп тіркелетін аудандарында және адам жаппай жиналатын орындарда орнатылған. Одан бөлек, патрульдік полиция полкі қызметкерлерінің 30 пайызын жаяу патрульге алмастыру бастамасы да қала көшелеріндегі қылмысты айтарлықтай азайтуға ықпалын тигізді. Соның нәтижесінде көшедегі қылмыстар 4,2 пайызға төмендеді.

Қалалық полиция департаментінің басшысы бейнетіркегіштің жаңа нұсқасын да таныстырып, оның мүмкіндіктері туралы айтып берді. Жаңа бейнетіркегіш онлайн режімде қызметкердің өзін бақылауға және оны штаттан тыс жағдайларда қорғауға жағдай жасайды.

Өз кезегінде Сенат депутаты Сәуле Айтпаева өткен жылдардағы қылмыстарды ашу мәселесін қозғады. Сондай-ақ, учаскелік инспекторлардың қызмет барысы кезінде олардың отбасыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

Депутаттар сапар барысында модульді стационарлық полиция бекетінің, Ситуациялық орталық орналасқан Жедел басқару орталығының, байланыстың заманауи мобильді кешенінің және жарылыс-техник роботтың жұмысымен танысты.

Бөлісу