Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Жаңалықтар

Сенат Ғылым туралы заңға енгізілген түзетулерді қабылдады

04.03.2021 235

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарап, қабылдады. Бұл заңға Парламент депутаттары бастамашы болды. Оның басты мақсаты – ғылыми және ғылыми-техникалық саланы жетілдіру, сондай-ақ, оның нәтижелерін коммерцияландыру. Соған сәйкес енгізілген жаңа нормалар ғылыми зерттеулердің кең шоғырын республикалық бюджеттен қаржыландыруға мүмкіндік береді. Мұндай қадам қолданбалы ғылыми жаңалықтардың көптеп ашылуына және ғылымның ел экономикасының дамуына қосатын үлесін арттыруға тың серпін береді.

«Қабылданған заң ғылым саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға арналған қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың және барлық ғылыми-зерттеу жұмысын қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ұлттық ғылыми кеңестер мен Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының құзіреттері нақтыланады. Ғылым мен техниканы дамытуға үлес қосқан ғалымдарды әлеуметтік қолдау мен көтермелеу де көзделіп отыр. Осы мақсатпен жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын беру қарастырылған. Жалпы, бұл заң елімізде ғылым саласын дамытуға өзінің үлесін қосады деп сенеміз. Сондай-ақ, заңда мемлекеттік білім беру мекемелерінің бірінші басшыларының ротациясы қарастырылған. Ол Білім және ғылым министрлігі белгілеген тәртіппен жүргізіледі», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік, индустриялық аймақтар, жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, энергетика, табиғи монополиялар және ішкі істер органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, оған түзетулер енгізді. Соған сәйкес енді қызметтік міндетін атқару кезінде жарақат алып, жұмыстан шығып қалған қызметкерге және қызмет барысында қаза тапқан ішкі істер қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне бұрын тағайындалған тұрғын үй төлемдері сақталады.

Сенаторлар аталған әлеуметтік түзетулерді бекітіп, заң жобасын Мәжіліске қайтарды.

Одан бөлек, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл заң жобасына да Парламент депутаттары бастамашы болғанын атап өткен жөн. Құжат негізінен азаматтарға білікті заң көмегін алу құқығын беретін кепілдікті арттыруды көздейді. Соған орай сенаторлар заң консультанты мәртебесінен үміткерлерді заң білімін тексеретін тестілеуден босату ұсынылған норманы алып тастады. Сенат депутаттары жан-жақты талқылап, бірқатар түзету енгізгеннен кейін бұл заң жобасын да Мәжіліске қайтарды.

Сондай-ақ, бүгінгі жалпы отырыс кезінде депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Бұл Келісім ЕАЭО елдері арасында асыл тұқымды мал шаруашылығының жалпы нарығын дамытуға және өзара сауда-саттықтағы кедергілерді жоюға арналған.

Бұдан басқа, сенаторлар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын қызметтен босату мәселесін қарады. Соның барысында Мемлекет басшысының ұсынуы бойынша және Конституцияға сәйкес Сенат депутаттары отставкаға шығуына байланысты Серік Әбнәсіровті Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатты. Сондай-ақ, басқа қызметке тағайындалуына байланысты Мемлекет басшысының ұсынуы негізінде Анатолий Смолин Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатылды.

Палата отырысы соңында сенаторлар Премьер-Министрдің атына депутаттық сауалдар жолдады. Депутат Ақмарал Әлназарова жастардың денсаулығына қатысты мәселе көтерсе, сенатор Алтынбек Нұхұлы «Наурыз мейрамын» атап өтуді идеологиялық тұрғыдан толықтыру жөнінде ұсынысын жеткізді. Депутат Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысына кітапхана және архив ісі саласына қолдау көрсету қажеттігін айтты. Ал, сенатор Дүйсенғазы Мусин ара және марал шаруашылықтарын дамытуға қатысты мәселелерді сөз етті.

Бөлісу