Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенат сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша заңға енгізілген түзетулерді қабылдады

11.03.2021 823

Бүгін Сенат отырысында сот жүйесін жетілдіру және қоғамның соттарға деген сенімін арттыру мәселелері қаралды. Соған сәйкес Парламент депутаттарының бастамасымен сот жүйесін жаңғырту мақсатында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында белгілеп берген міндеттерге тоқталды. Аталған жиында Президент сот жүйесі жабық жүйе болмау керектігін және оны жаңғырту қажет екенін айтқан болатын. Сондықтан қаралған заң жобалары сот жүйесін жетілдіруге арналып отыр. Бұл заңдар арқылы Президентіміздің ұсынысымен білікті мамандарды Жоғарғы Соттың құрамына тарту мүмкіндігі кеңейтіледі.

«Биылғы 1 шілдеден бастап елімізде әкімшілік юстиция институты өз жұмысын бастайды. Соның аясында азаматтардың құқықтарын қосымша қорғайтын жаңа кепілдіктер мен тетіктер қолға алынады. Осы институттың әлеуетін толықтай қолдану үшін Жоғарғы Сотта жаңа әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрылады. Жалпы, осы заңдар сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге және оның тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата отырысында депутаттар тағы екі заңды қарап, қабылдады. Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының өзара іс-әрекеттерінің нақты және тиімді үйлесімділігіне ықпал етеді.

Ал, «Суға батып кеткен кемелерді жою туралы 2007 жылғы Найроби халықаралық конвенциясын ратификациялау туралы» заң суға батып кеткен кемелерді және теңіз апаттарының салдарын тиімді жоюға қатысты бірыңғай ережелер мен рәсімдерді белгілейді.

Сондай-ақ, отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Депутат Нұржан Нұрсипатов ҚР Қарулы күштерінің арсеналдары, базалары және қоймалары жанында тыйым салынған аймақтар мен аудандарды белгілеуге қатысты мәселелерді көтерді. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысының тұрғындарын сумен қамтамасыз етудегі проблемаларға назар аударды. Депутат Ақылбек Күрішбаев жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын көбейту қажет екенін айтса, сенатор Әли Бектаев Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметін қаржыландыру мәселесі туралы сөз қозғады.

Бөлісу