Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Талғат Мұсабаев: Ғарыш саласының табысты жұмысының басты факторы – адамдар

10.04.2021 843

Байқоңыр қаласында адам баласының ғарышқа алғаш ұшуының 60 жылдығына арналған салтанатты кездесу өтті. Оған еліміздің Премьер-министрі Асқар Мамин, «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының басшысы Дмитрий Рогозин, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, NASA әкімшісінің орынбасары Кеннет Бауэрскок, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Талғат Мұсабаев және басқалар қатысты.

Кездесуге қатысушылар алдында сөз сөйлеген ғарышкер-сенатор Талғат Мұсабаев қазақтандық ғарыш саласының бастауында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тұрғанын, себебі сол кісінің Жарлығымен Ұлттық ғарыш агенттігі құрылғанын атап өтті. Депутат сонымен қатар адамның ғарышқа ұшуы – дүниежүзілік маңызы бар оқиға екеніне тоқталды. Ал осы оқиғаның Қазақстан жерінде орын алғаны ерекше маңызды деп айтты.

«Біз, қазақстандықтар, Байқоңырдың табысты жұмысы, бүкіл адамзаттың игілігі, ғарыштық жобалардың дамуы үшін ерекше мақтаныш пен жауапкершілік сезінеміз. Қазақстан ғарышты игерудің өзіндік күрделі жолымен жүріп келеді. Біздің еліміз экономиканың жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін секторы – ғарыш саласын дамытуда маңызды қадамдар жасады» - деді Талғат Мұсабаев.

Сенатор бүгінгі таңда біздің еліміз ғарыш аппараттарының орбиталық топтарының екі жүйесін іске қосқанын айтты. Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы, «Бәйтерек» қазақстандық-ресейлік кәсіпорны және тағы өзге де мамандандырылған кәсіпорындар ашылды. Алайда, сенатордың айтуынша, бұл салада проблемалар бар. Талғат Мұсабаев қазіргі таңда жоғары білікті мамандардан айрылу қаупі жоғары екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, бұрын құрылған ғарыш саласын басқару жүйесі, атап айтқанда кадрларды іріктеу және орналастыру жүйесі құлдырай бастады.

«Ғарыш саласының табысты жұмысының басты факторы туралы тағы да айтқым келеді. Бұл – адамдар, мамандар. Қазақстандық ғарыш саласын құрудағы барлық қиындықтардан бірге өткен әріптестерім, ғалымдар, ғарышқа ұмтылған жас мамандар болмаса, ештеңе де болмас еді», - деді Талғат Мұсабаев.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу