Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Жаңалықтар

Сенаторлар ТМД ПА-ның іс-шараларына қатысты

15.04.2021 47

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары ТМД Парламенттік Ассамблеясы Тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты.

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Қауіпсіздік саласындағы заңнамаларды үйлестіру және жаңа сын-тегеуріндер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі біріккен комиссия мүшелерімен «Қоғамдық қауіпсіздік туралы» және «Сараптамалық жедел қызметтерді шақырудың бірыңғай жүйесі туралы» модельдік заң жобалары бойынша жұмыс барысын талқылады. Сондай-ақ, осы іс-шарада комиссия құзіреті бойынша ТМД-да модельдік заң шығарудың 2020-2022 жылдарға арналған перспективалық жоспарына ұсыныстар да сөз болды.

Одан бөлек, Мұхтар Құл-Мұхаммед ТМД ПА Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына қатысты. Онда «Ұлттық қауіпсіздік туралы» және «Сараптамалық жедел қызметтерді шақырудың бірыңғай жүйесі туралы» модельдік заң жобалары талқыланды.

Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов ТМД ПА Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелерімен «COVID-19 пандемиясы жағдайындағы жаһандық сын-тегеуріндер мен қауіптер. Терроризм және зорлық-зомбылық экстремизмі» атты Халықаралық парламенттік конференциясына дайындық барысын сөз етті. Сонымен бірге Комиссия өкілдері Дінаралық және этносаралық диалог жөніндегі дүниежүзілік конференцияға әзірлік барысын да пысықтады. Аталған іс-шараны Парламентаралық одақ БҰҰ-ның қолдауымен 2022 жылғы мамыр айында Ресейде өткізуді жоспарлап отыр.

Өз кезегінде сенатор Нұрлан Қылышбаев ТМД ПА Экономика және қаржы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына қатысты. Онда ТМД-ға мүше мемлекеттерде жария-жекеменшік серіктестік тетіктерін дамыту және қолдану жөніндегі ұсынымдар талқыланды. Сондай-ақ, жиында парламент өкілдеріне жұмысы Модельдік заң шығарудың перспективалық жоспарына сәйкес жүргізілетін модельдік құжаттар тұжырымдамаларының жобалары ұсынылды. Олардың ішінде «Мемлекеттік сатып алулар туралы», «Цифрлы қаржы активтері туралы» және «ТМД-ға мүше мемлекеттердің өнеркәсіп салаларын цифрлық транформациялау туралы» модельдік заңдар, ТМД-ға мүше мемлекеттердің экономикалық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын дамыту жөніндегі ұсынымдар және ТМД-ға мүше мемлекеттер үшін модельдік Салық кодексінің арнайы бөлігінің жекелеген тараулары бар.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27.)

Бөлісу