Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Сенат Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы бірқатар шартты ратификациялады

22.04.2021 417

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін Шарттарды ратификациялады.

Бұдан былай екі мемлекет бір-біріне іздеуде жүрген азаматтарын ұстап беретін болды. Мұндай норма «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңда жазылған. Сондай-ақ, бұл Шартта ұстап беруге, бас тартуға, ұстап беруді кейінге қалдыруға және рәсімді оңайлатуға негіз болатын ережелер де қамтылған.

Отырыс барысында қабылданған тағы бір құжат «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң. Ол Қазақстан мен Солтүстік Македонияның құзіретті органдарының өзара іс-әрекетіне және сотталған адамдарды беру туралы келісім жасауға мүмкіндік береді. Құжатта экстрадициялау, ақпарат алмасу, сотталған адамдарды жеткізу шарттары жазылған. Одан бөлек, сотталған адамдарды беру кезіндегі шығындарға байланысты нормалар да қарастырылған.

Сонымен қатар бүгін Қазақстан мен Солтүстік Македония арасында қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмектің барлық ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктерін реттеу және іске асыру үшін «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасының арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң қабылданды. Оның кейбір нормалары банк шоттары мен қаржылық ақпараттарды анықтау, қылмыстық істер туралы құжаттарды, материалдарды немесе заттарды және ақпараттарды алмасу мәселелеріне арналған.

Үш заң бойынша пікір білдірген Сенат Төрағасы олардың ел азаматтарының құқықтарын қорғауда маңызы зор екенін айтты.

«Бүгін қабылданған заңдар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы құқық қорғау саласындағы ынтымықтастықты дамытуға бағытталған. Олар қылмыскерлерді жауапкершілікке тартудың әртүрлі кезеңдерін қамтиды және қылмыспен күресті күшейту үшін мемлекетаралық қатынастардың құқықтық негіздерін қалыптастырады. Соған сәйкес, қылмыстарды тергеу процесінде жан-жақты көмек көрсету, қылмыскерлерді ұстау және оларды экстрадициялау, сотталған адамдарды беру сияқты өзара іс-әрекеттер қарастырылған. Бұл заңның үстемдігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, азаматтарымыздың құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат отырысында депутаттар өз сауалдарын да жолдады. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев ашық аспан астындағы музей – көне Сарайшық қалашығына қатысты қордаланған мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Депутат Мұхтар Жұмағазиев ветеринария саласындағы маман тапшылығын сөз етті. Өз кезегінде сенатор Нариман Төреғалиев Қызылорда облысындағы Талап және Сырдария сумен қамту жүйелерін тездетіп іске қосу қажет екеніне назар аударды. Депутат Алтынбек Нұхұлы ішкі туризмді дамытуға қатысты өз пікірін білдірді. Депутат Талғат Мұсабаев авиациялық қауіпсіздік мәселелерін қозғады. Ал сенатор Андрей Лукин агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде жаңа Ұлттық жоба әзірлеу керектігін айтып, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген Е.Үкібаев)

Бөлісу