Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті.
Онда депутаттар Президенттің Жоғарғы Соттың судьясын қызметтен босату туралы ұсынуын қарады. Судья Лариса Шепелева отставкаға кетуіне байланысты қызметінен босады.
Сондай-ақ, отырыс барысында «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заң қаралып, қабылданды.
Бұл құжат «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның және басқа да ұлттық холдингтер мен компаниялардың сатып алуларын реттейді. Заңда сатып алуды жүзеге асырудың қағидаттары, тәсілдері, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуға қатысуына байланысты шектеулер және әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары белгіленген.
Одан бөлек, құжатта сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі енгізіледі, сонымен бірге оны қалыптастыру, жүргізу тәртібі және оған енгізу және одан шығару үшін негіздер айқындалған. Сонымен қатар тапсырыс берушінің және сатып алуды ұйымдастырушының әрекеттері мен шешімдеріне шағым жасау жөніндегі нормалар енгізілді.
Бұдан басқа, сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Аталған құжат кейбір заңнамалық актілерді қабылданған «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заңға сәйкестендіруді көздейді.
«Мемлекеттік қаржыны тиімді жұмсау – аса маңызды мәселе. Мемлекеттік сатып алуды, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың сатып алуын тиімді пайдалануды пандемиядан кейінгі кезеңде экономикалық бәсекелестікті қалпына келтірудің тетігі ретінде қарастырған жөн. Алайда, осыған дейін ұлттық компаниялар мен мемлекеттік холдингтердің сатып алулары жалпы тәртіптен шығарылып, өз ережелері бойынша жүргізіліп келді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы мәселелерді шешу үшін тиісті заң қабылданып отыр», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен бірге депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады.
Сенат отырысы кезінде депутаттық сауалдар да жолданды. Нұржан Нұрсипатов «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң нормаларының орындалуына қатысты мәселені көтерсе, Сұлтан Дүйсембинов ауыл кооперациялары мен жайылым жерлері туралы проблеманы қозғады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген Н.Байбулин)