Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Сенаторлар 2020 жылғы бюджеттің орындалуы туралы есептерді қарады

17.06.2021 174

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылғы Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады.

Есепті тыңдау барысында Сенат Төрағасы өткен жылдың өте күрделі болғанын, Парламент коронавирус дағдарысын еңсеру үшін Үкіметпен бірлесіп, белсенді жұмыс істегенін атап өтті. Қолға алынған жұмыстарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін депутаттар маңызды заңдарды жедел түрде қабылдады.

«Қазіргі таңда жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Биылғы бес айда экономиканың өсімі 1,6 пайызды құрап отыр. Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттердің келесі кезеңін іске асыру үшін де Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары, бәріміз осылай жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі экономикалық өсімді қалпына келтіру және азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін арттыру екені сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс кезінде Республикалық бюджетті атқаруға қатысты проблемалық жайттар да назардан тыс қалмады. Олардың қатарында бөлінген қаражатты игермеу немесе тиімсіз жұмсау және кейбір бағдарламаларды іске асыру кезіндегі ашықтықтың тиісті деңгейде болмауы сияқты мәселелер бар. Осыған орай Сенат Спикері мемлекеттік органдардың жұмысындағы бірқатар кемшіліктерге тоқталды. Сондай олқылықтардың салдарынан мемлекет тарапынан азаматтарға қолдау көрсету мақсатымен бөлінген қаржының бәрі бірдей орынды жұмсалмаған.

Мәулен Әшімбаев республикалық бюджетті кірістер мен шығыстар тұрғысынан теңгерімді етудің маңызды екенін тағы бір рет Үкімет мүшелерінің есіне салды. Өйткені бес жылдың ішінде республикалық бюджеттің шығыстары 2 есеге дейін өскен. Былтыр шығыстардың тек 44 пайызы «таза кірістер» есебінен жабылған. Ал, қалған 36 пайызын Ұлттық қордан трансферттер мен 20 пайызын қарыздар құраған.

«Осыған байланысты депутаттарды бюджет тапшылығының өсімі алаңдатады. Мұндай үрдісті өзгерту қажет. Бұл жөнінде мамыр айында бюджетке енгізілген түзетулерді қараған кезде де айтқан едік. Біз қарыздарды көбейте бермей және болашақ ұрпақтың қорын ысырап етпей, «қалтамыз» бен мүмкіндігімізге қарай өмір сүруіміз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, Сенат Спикері бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін тиімсіз шығындарды оңтайландыру және қысқартуды ұсынды. Ол Есеп комитетінің деректерін тілге тиек етіп, 2020 жылы тиімсіз жұмсалған және игерілмеген бюджет қаражатының көлемі шамамен 570 миллиард теңгеге жеткенін айтты. Бұл – 2019 жылғы көрсеткіштен 33 пайызға көп.

«Соңғы жылдары квазимемлекеттік субъектілерді қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен ауқымды қаражат бөлініп келеді. Тек былтырдың өзінде бұл көрсеткіш 817 миллиард теңгеден асқан. Сонымен бірге қаражаттың айтарлықтай көлемі тиімсіз жұмсалатыны анықталып отыр. Квазимемлекеттік сектордың 25 субъектісін қамтыған аудит қорытындысы бойынша Есеп комитеті шамамен 380 миллиард теңгені құрайтын бұзушылықтарды анықтаған. Осыған орай Үкіметтен жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдауды және болашақта мұндай бұзушылықтардың алдын алуды сұраймыз», – деді Палата Төрағасы.

Сенаторлардың айтуынша, бюджеттің тиімсіз шығыстарын қысқарту үшін бірқатар нысанды жекешелендіру ісінің берері мол. Сол себепті, Мәулен Әшімбаев бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынын арттыру және барлық рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

Сонымен қатар Сенат Спикері ел бюджетіндегі экономиканың өсіміне салынатын қаражаттың үлесін ұлғайту мәселесіне де тоқталды.

«Есеп комитеті бағалағандай, 2020 жылдың қорытындысы бойынша бюджет шығыстарының 61 пайызы ағымдағы мұқтаждықтарға жұмсалған. Тек 15 пайызы ғана даму мақсаттарына бағытталған. Экономикадан түсетін «таза кірістер» республикалық бюджеттің шығыстарын жаппай отырған қазіргі жағдайымызда, өсу драйверлеріне баса мән беру керек. Яғни, бюджет қаражатын өндіріс орындарын салуға немесе реконструкциялауға, инфрақұрылымға, коммуникацияға, бизнесті кредиттеу мен субсидиялауға және тағы басқа инвестициялық мақсаттарға жұмсаудың маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы Парламент депутаттары Үкіметтің осы бағыттағы тиісті бастамаларына қолдау көрсетуге дайын екенін де жеткізді.

Айта кетейік, 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептер соңғы рет 2021 жылғы 21 маусымда өтетін Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қаралады.

Бүгінгі Палата отырысында сенаторлар «Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік фельдъегерлік байланыс және ішкі істер органдары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды да қарап, қабылдады. Бұл құжаттар полицияның сервистік моделінің тетіктерін дәйекті түрде енгізуді және өртке қарсы қызмет органдарының өкілеттіктерін бекітуді көздейді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Фото: Е.Үкібаев, Н.Байбулин)

Бөлісу