Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Сенатта мүгедек балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін кеңейту туралы заң жобасы қаралды

21.09.2021 210

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысында депутаттар азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғауды күшейтуге қатысты заң жобасын талқылады.

Сенаттың алдыңғы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған құжатта Қазақстан Республикасының 16 заңнамалық актісіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген болатын. Атап айтқанда, ерлер мен әйелдердің еңбек саласындағы құқықтарының теңдігі мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін Кодексте әйелдердің еңбегін пайдалануды шектейтін, сондай-ақ әйелдерді ауыр жұмыстарға, еңбек ету барысында зиянды және қауіпті жұмыстарға жібермейтін ережелерді алып тастау ұсынылады.

Сонымен қатар бұл өзгерістер «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» заңдарға да қатысты болады.

«Тұрғын үй қатынастары туралы Заңға енгізілген түзету мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған, олар 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алмаған отбасыларға тұрғын үй алу кезегін сақтауды көздейді. Сондай-ақ аз қамтылған отбасы балаларына әлеуметтік топтама кепілдігі беріледі және Портал арқылы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету ұсынылды», - деді сенатор Нариман Төреғалиев.

Заң жобасын қабылдау арқылы азаматтарды негізгі әлеуметтік кепілдіктермен, оның ішінде қосымша мұқтаждары бар адамдарды әлеуметтік қолдау, атаулы әлеуметтік көмек және зейнетақымен қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін шешу көзделіп отыр.

Депутаттар отырыс қорытындысы бойынша заң жобасын екінші оқылымда қарау үшін Палатаға жіберу туралы шешім қабылдады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27, Суретті түсірген Е.Үкібаев)

Бөлісу