Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар Каспий теңізінің биоалуандығын сақтау туралы хаттаманы ратификациялады

14.10.2021 470

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Каспий теңізінің биологиялық алуандығын сақтау туралы хаттаманы ратификациялады.

Нақты айтқанда, отырыс барысында депутаттар «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, қабылдады.

Бұл Хаттама жануарлардың қорғалатын түрлеріне және олардың мекен ететін ортасына кері әсерін тигізетін іс-әрекеттерді реттеуге мүмкіндік береді. Хаттаманы ратификациялаған елдер қалдықтар мен өзге де заттарды көмуге немесе орналастыруға тыйым салуды енгізуге, сондай-ақ құрылыс немесе іздестіру жұмыстарына байланысты кез келген қызметті реттеуге бағытталған басқа да табиғатты қорғау шараларын қабылдауға мүмкіндік алады.

«Каспий теңізінің биологиялық алуандығы мен экожүйесін сақтау еліміз үшін стратегиялық мәселелердің бірі. Осы ретте бүгін қабылданған заңның маңызы зор. Сондықтан бұл құжат теңіз жағалауындағы бес мемлекеттің осы бағыттағы ынтымақтастығын күшейтіп, Каспийдің экожүйесін сақтауға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Нұрлан Бекназаров әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын мектеп оқушыларын әлеуметтік қорғау шараларын күшейтудің маңызды екенін айтты.

Ал, Динар Нөкетаева фармацевтикалық саладағы ғылыми жұмыстарды қайта жандандыру қажет екеніне назар аударды.

Ақылбек Күрішбаев аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге жоғары білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.

Өз кезегінде Андрей Лукин денсаулық сақтау саласында бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына алаңдаушылық білдірді.

Ал, Нұртөре Жүсіп соңғы кездері электросамокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының жиілеп кеткенін айтып, аталған құрылғыны қолдануды заңмен реттеу мәселесін көтерді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е.Үкібаев)

Бөлісу