Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Елордада Қазақстан әлеуметтанушыларының VII конгресі өтті

15.10.2021 126

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан әлеуметтанушыларының VII конгресі өтті.

Іс-шараға қатысқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан қоғамында сапалы өзгерістер болғанын айтты. Сондай-ақ осы аралықта қолға алынған реформалар парадигматикалық әлеуметтік өзгерістерге ықпал еткенін және қоғамның құрылымы түбегейлі жаңғырғанын тілге тиек етті. Осы кезеңде еліміздегі барлық негізгі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзгерістерге үнемі әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп отырды.

«Қарқынды саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырулар құндылықтар жүйесінің өзгеруіне әкеліп соқты. Әрине, Қазақстан қоғамы үшін Тәуелсіздіктен асқан құндылық, еркіндіктен қымбат ұғым жоқ. Біздің қоғамда болып жатқан өзгерістердің бәрі әлеуметтік ғылымдардың зерттеу тақырыптары екені сөзсіз. Бұл ретте әлеуметтанушылардың маңызы зор. Сондықтан Қазақстанның дамуына әлеуметтанушылар үлкен үлес қосты деп айтуға толық негіз бар», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Спикері қазіргі таңда Қазақстанда жүйелі жаңғыру үрдісі жалғасып жатқанына, ашықтықты, бәсекеге қабілеттілікті және саяси жүйенің тиімділігін қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс қолға алынғанына назар аударды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғамды маңызды мемлекеттік шешімдерді талқылауға жұмылдыру үшін құқықтық жағдай жасалуда.

«Мемлекет басшысы қыркүйек айында жариялаған Жолдауында тәуелсіз әлеуметтік зерттеулердің маңызы зор екенін айтты. Президентіміз тәуелсіз әлеуметтік сауалнамалар әкімдердің жұмысын бағалаудың маңызды тетігі болуы керектігіне де тоқталып өтті. Биліктің жұмыс сапасына қатысты халықтың шынайы көзқарасын осындай зерттеулер беруі қажет», – деді Сенат Спикері.

Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік саясатты тәуелсіз, объективті және сапалы әлеуметтік қолдауға деген сұраныс артып келеді. Дегенмен, бұл салада шешуді қажет ететін проблемалар да аз емес.

«Соңғы жылдары елімізде көптеген әлеуметтік сауалнамалар жүргізілді. Оған бөлінген қаражат та аз болмағаны түсінікті. Алайда, сол зерттеулердің сапасына қатысты шағымдар жиі айтылады. Зерттеулерге тапсырыс беретін мемлекеттік органдарға да қатысты мәселелер бар. Мысалы, осындай зерттеулерді жүргізуге шақырылатын ұйымдарды іріктеу кезінде кәсіби талаптар лайықты деңгейде ескеріле бермейді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұл мәселені шешуде кадр даярлау ісі негізгі басымдықтардың бірі екені сөзсіз. Сондай-ақ әлеуметтанушылардың кәсіби деңгейі жаңа жағдайға сай болуы да аса маңызды. Сенат Төрағасы бұл бағытта цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану және Big Data талдауы арқылы зерттеу құралдарын жаңғырту да өзекті екенін айтты.

«Қазақстан Парламентінің Сенаты отандық әлеуметтану ғылымына заңнамалық қамтамасыз ету тұрғысынан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Сенат сарапшылар қауымдастығын дамытуға арналған жобаларды қолдайды. Сонымен бірге, біз Клубтың бастамасымен қолға алынған жаңа қоғамдық жоба – Талдау мектебіне де қолдау білдірдік. Бұл бастаманың мақсаты – мемлекеттік қызметте және академиялық ортада жұмыс істейтін жас мамандардың талдау тәсілдерін меңгеруіне көмектесу», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осыған орай Сенат Төрағасы барлық мүдделі тарапты аталған бастаманы бірлесіп іске асыруға шақырды.

Қазақстан әлеуметтанушыларының VII конгресіне Президент Әкімшілігі Басшысының Бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Қазақстан Республикасының Чехия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының президенті Марат Тәжин, ғылыми-академиялық және сараптамалық-талдау ұйымдары мен қоғамдастықтардың, саясаттанушылар, философтар, дінтанушылардың қоғамдық бірлестіктерінің, Халықаралық Түркі академиясының өкілдері, сондай-ақ, алыс-жақын шет мемлекеттердің: Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ливан және БАӘ ғалымдары қатысты.

Айта кетейік, Қазақстан әлеуметтанушыларының қауымдастығы бүгінгі Конгресске дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Тәуелсіз Қазақстан жас ғалымдар зерттеулерінде» атты жас әлеуметтанушылар форумын ұйымдастырды. Соның аясында белгілі қазақстандық әлеуметтанушылар жас ғалымдарға арнап шеберлік сабақтарын өткізді. Одан бөлек, Жас әлеуметтанушылар форумы барысында «Зерттеуші-әлеуметтанушылардың жаңа сын-қатерлерге арналған құзіреттері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е.Үкібаев)

Бөлісу