Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Сенатта Қазақстанда демократиялық реформаларды іске асыру барысы талқыланды

19.10.2021 56

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Маттео Мекаччимен кездесті. Кездесу барысында елімізде қолға алынған демократиялық реформалар талқыланды және Сенат пен Бюро арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері сөз болды.

Сұхбат кезінде ынтымақтастықтың басты бағыттарының бірі ретінде демократиялық реформаларды іске асыру саласында тәжірибе алмасу екені айтылды.

«Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен барлық салада кешенді және жүйелі жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте бірінші кезекте саяси жүйені демократияландыруға, оның ашықтығын қамтамасыз етуге, саяси бәсекелестікті арттыруға және адам құқықтарын іске асыру үшін қажетті жағдай жасауға баса мән беріледі. Қазірдің өзінде еліміздің саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуды көздейтін заңдар топтамасын қабылдадық», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Спикері Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының күзгі сессиясында депутаттар «Қазақстандағы саяси реформалар оның азаматтарының қажеттіліктері мен мақсат-ниетіне сай» деген жазбаша декларация қабылдағанына назар аударды. Одан бөлек, елімізде қолға алынған саяси реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолындағы депутаттардың белсенді жұмысын атап өтті. Қазіргі таңда Парламент депутаттарының алдында президенттік реформалардың төртінші топтамасын іске асыру міндеті тұр.

«Президент Жолдауында депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квотаның міндетті түрде ескерілуін заңмен бекіту керектігі айтылды. Квота берілетін санаттағы азаматтардың тізімін кеңейту және сайлау тізімінде ерекше қажеттілікті талап ететін азаматтарға квота беру мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды. Мемлекет басшысы ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларға қолдау көрсетудің тиімді тетігін әзірлеудің маңызды екеніне де баса мән берді», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар сұхбаттасушылар адам құқықтарын іске асыру саласында Қазақстан мен ЕҚЫҰ ынтымақтастығының келешегі зор екеніне тоқталып, өткен аптада ғана Қазақстанның 2022-2024 жылдарға БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше болып сайланғанын айтты.

«Еліміздің дүниежүзілік ұйымның басты құқық қорғау органына мүше болып сайлануы біздің осы бағыттағы игі бастамаларымыздың жарқын көрінісі. Бұл Қазақстанның адам құқықтары мен бостандығын қорғау саласында халықаралық нормаларды және стандарттарды дәріптеудегі белсенділігі мен жауапкершілігін білдіреді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Маттео Мекаччи Қазақстанның адам құқықтарын қамтамасыз ету және елдегі саяси жүйені одан әрі демократияландыру бағытындағы жұмыстарын жоғары бағалады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е.Үкібаев)

Бөлісу