Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Сенат мемлекеттік сатып алу мәселелері туралы заң жобасына түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды

21.10.2021 117

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады.

Бұған дейін аталған құжат Палата отырысында бірінші оқылымда және Комитеттер отырыстарында жан-жақты қаралды. Соның нәтижесінде депутаттар заң жобасына енгізу үшін, оның ішінде мемлекеттік сатып алу мәселесіне де қатысты өзгерістер мен толықтырулар топтамасын әзірледі.

Нақты айтқанда, сенаторлар бұған дейін заң жобасында белгіленген бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қажетті негіздердің санын қысқарту жөніндегі жаңашылдыққа, осындай сатып алу бойынша тапсырыс берушінің бірінші басшыларының жеке жауапкершілігін арттыруға және тағы басқа басымдықтарға қолдау білдірді. Сонымен қоса, Сенат депутаттары бір компанияның бір құрылыс нысанында инжинирингтік қызметтер мен құрылыс-монтаждау жұмыстарын алу үшін мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін жоюды, сондай-ақ, электрондық дүкенді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың бәсекелі тәсілдеріне қосуды қосымша ұсынды. Сенаторлардың айтуынша, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және салынып жатқан нысанның сапасын жақсарту үшін маңызды.

«Негізгі өзгерістер мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Оның ішінде конкурс өткізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға баса мән берілген. Заң жобасы мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлатып, артық реттеуді жоюға жол ашады. Сол арқылы мемлекеттік сатып алуларды тиімді өткізіп, мемлекет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік аламыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осылайша, сенаторлар қоғамның пікірін ескеріп, жедел әрекет етті.

Сондай-ақ олар заң жобасын халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жаңа нормалармен толықтырды. Атап айтқанда, депутаттар әрі қарай сақтау айтарлықтай қауіп төндіретін және дереу жоюды қажет ететін оқ-дәрілерді анықтау қағидаларын қалыптастыру мәселесін көтерді.

«Сенат енгізіп отырған түзетулер қару-жарақты сақтау және оны жою жолдарын реттеуге бағытталған. Бұл – соңғы уақытта еліміздегі қару-жарақ қоймаларында болған трагедиялық жағдайлар қайталанбауы үшін жасалған қадам», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар заң жобасына отандық ғылымды дамытуға арналған жаңа нормалар енгізілді.

«Сенат қабылданған түзетулер Мемлекет басшысының ғылым саласын одан әрі дамытуға қатысты тапсырмаларын іске асыруды көздейді. Атап айтқанда, базалық қаржыландыру арқылы еліміздің жетекші ғалымдарына еңбекақы төлеу, іргелі ғылыми зерттеулер жүргізетін ғылыми ұйымдарды тікелей қолдау үшін қаржыландырудың жаңа түрін енгізу ұсынылып отыр. Бұған қоса, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұлғайту ұсынылады», – деді Сенат Төрағасы.

Нәтижесінде сенаторлар заң жобасын Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

Бұдан басқа, отырыс барысында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң қаралып, қабылданды.

Сондай-ақ Палата Спикерінің ұсынуымен Сенат депутаттары Расул Рахимовті Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындады.

Отырыс кезінде депутаттық сауалдар да жолданды.

Сұлтан Дүйсембинов Алматы облысында туризмді дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді.

Ал Ақылбек Күрішбаев білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті күшейтудің маңызына назар аударды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е.Үкібаев)

Бөлісу