Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта Қазақстандағы заңгерлік білім беру жүйесін жаңғырту мәселесі талқыланды

24.11.2021 379

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары «Қазақстандағы құқықтық реформа: заң білімінің сапасын қамтамасыз етуге сұраныс» тақырыбына арналған үкімет сағатына дайындық аясында кеңейтілген отырыс өткізді. Онда Қазақстандағы заң білімінің сапасы мәселелері салалық министрліктердің басшылығымен, сондай-ақ қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірге талқыланды.

Комитет төрағасы Владимир Волков кездесуді аша келіп, депутаттар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Қостанай қалаларында бірқатар кездесулер өткізгенін және еліміздегі заң білімінің сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар жинақталғанын атап өтті.

Президенттің биылғы 15 қазандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасында заңгерлік білім беру жүйесін жаңғырту қажеттігі атап өтілген болатын.

«Реформалар жүргізіліп жатқанда, ұлттық заңнама мен құқық қолдану практикасын жаңғырту жағдайында елімізге осы заманғы талаптарға сай келетін білікті заң мамандары қажет. Өйткені, құқықтық тәртіп пен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейі білікті заңгерлерді даярлау сапасына байланысты», - деді Владимир Волков.

Қазақстанда 127 жоғары оқу орнының 65-і заңгерлер даярлайтыны атап өтілді. Алайда, бұл оқу орындарының кейбіреулері сапалы білім беру ісіне бейімделе алмай, заңгерлерді оқыту тек табыс табу тәсіліне айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та осы деректі атап өткен болатын. Осыған байланысты, бес жыл ішінде білім беру саласындағы «Құқық» бағдарламасы бойынша 5 лицензия қайтарып алынды.

Еліміздің білім және ғылым министрінің орынбасары Қуаныш Ерғалиев отырыс барысында құқықтантану саласында кәсіби стандартты әзірлеу қажеттігін атап өтті. Оны әзірлеу ісіне заңгерлер одағының, сот органдарының, салалық және мекемеге қарасты жоғары оқу орындарының мүшелері мен сала өкілдері, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП тартылғаны жөн болады. Кәсіби стандарт сондай-ақ халықаралық практикада қабылданғандай сертификаттауды жүргізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, заң мамандарының біліктілігін растау үшін реттелетін кәсіптер тізбесіне заңгер, адвокат және сот сарапшылары кәсіптерін енгізу мәселесі көтерілді.

«Қазақстан заңгерлерінің одағы» РҚБ төрағасы Серік Ақылбай өз сөзінде мемлекеттік органдармен, оның ішінде Жоғарғы сотпен және жергілікті соттармен заң тәжірибесін күшейту бойынша заңнамалық шараларды белгілеу қажеттілігін атап өтті.

Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Тимур Сүлейменов академияға түсетін көптеген үміткерлердің білім деңгейі олардың талаптарына жауап бермейтініне назар аударды. Олардың көпшілігі теориялық жағынан әлсіз болып келеді және құқық салаларында бағдарланбайды, материалдық құқықты процедурамен шатастырады.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Еркін Оңғарбаев өз сөзінде Үкіметке мемлекеттік грант санын арттыру туралы ұсыныс айтты. Ол сондай-ақ білім беру қызметі нарығында мемлекеттік және халықаралық стандарттарға толық сәйкес сапалы заңгерлік білім бере алатын жоғары оқу орындары ғана қалуы керек деп санайды.

М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің провосты Сергей Пен жоғары заңгерлік оқу орындарының түлектерін тәуелсіз сертификаттау рәсімдерін енгізу және республикалық деңгейдегі кәсіби қоғамдастық ұйымдары жоғары оқу орындарын міндетті түрде тіркеу қажеттігін енгізуді атап өтті.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Қостанай қалаларының жоғары оқу орындарының өкілдері сөз сөйлеп, заң білімінің сапасын арттыру қажеттігі атап өтілді және осы тақырып бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу үшін мекемеаралық жұмыс тобын құру туралы ортақ пікірге келді.

Депутаттар отырыс қорытындысы бойынша мекемеаралық жұмыс тобын құру, сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып Қазақстандағы заң білімі жүйесін жаңғырту жөнінде ұсыныстар әзірлеу туралы ойларын ортаға салды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу