Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Сенатта рақымшылық туралы заң жобасы талқыланды

24.11.2021 51

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын талқылады.

Заң жобасының мақсаты – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты қылмыстық-құқықтық сипаттағы адамгершіліктің бір жолғы актісі болып табылады. Заң жобасы азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан және негізгі жазадан босатуға, жекелей анықталмаған адамдар тобына қатысты жазаның өтелмеген бөлігін қысқартуға бағытталған.

Заң жобасында рақымшылық жасауды қолданудың шарттары мен тәртібі, енгізілген күнінен бастап 6 ай ішінде оны орындау жөніндегі мерзімдері көзделіп отыр. Сондай-ақ Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың тиісті шараларды іске асыру, оның ішінде босатылатын адамдарды тұрғылықты жерге орналастыру, жұмысқа орналастыру, емдеу, оларға әлеуметтік және өзге де көмек көрсету жөніндегі құзыретін бекітеді.

Сенаторлардың айтуынша, құжат пробациялық бақылаудағы сотталғандардың санын азайтуға, жазасы өтелмеген және залалды өтеген әрі әлеуметтік әлсіз адамдар санатындағы сотталған адамдардың мерзімін қысқартуға, сондай-ақ онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға қатысты кейбір қылмыстық істерді тоқтатуға мүмкіндік береді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу