Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Сенат көрнекі ақпарат туралы заң жобасын қарады

02.12.2021 286

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қарап, қабылдады.

Осы заң бойынша онша ауыр емес қылмыс жасаған азаматтарға рақымшылық жасалады. Сондай-ақ рақымшылық теріс мінез-құлқы жоқ және жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аспайтын ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталғандарды да қамтиды.

«Бүгін біз Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дайындалған маңызды заңды қабылдадық. Рақымшылық – бұл гуманизм актісі, заңды бұзған азаматтарға қатысты мемлекеттің ізгі ниеті мен білдірген сенімі. Ол жасаған әрекетінің ауырлығы ескеріле отырып, ардагерлерге, кәмелет жасына толмағандарға, егде жастағы азаматтарға, I, II топтағы мүгедектерге және азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне аса қатер төндірмейтін адамдарға қатысты қолданылады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы қабылданған заң неғұрлым қауіпті қылмысқа барған адамдарға рақымшылық жасауға тыйым салатынын жеткізді. Бұл криминогендік жағдайдың ушығып кетуіне жол бермеу үшін маңызды.

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады.

Заң жобасында көрнекі ақпаратты, оның ішінде жарнаманы, хабарландыруларды, мәзірді және тағы басқаларын мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс немесе басқа да тілдерде міндетті түрде орналастыру көзделген.

«Бүгін қаралған заң жобасы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатымен көрнекі ақпаратты жазуға қойылатын талаптарды нақтылайды. Бұл көлік және сауда саласына, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды таңбалауға, пошта қызметтерін көрсетуге қатысты. Сонымен қатар әкімшілік-аумақтық бірліктердің тарихи қалыптасқан атауларының жазылуына қойылатын талаптарды белгілейді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Талқылау барысында сенаторлар заң жобасына бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, олар дінге деген көзқарасқа байланысты заңды тұлғалардың азаматтық құқықтарын қорғауға қатысты норманы алып тастауды ұсынды. Сондай-ақ сенаторлар діни ғимараттардан тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу туралы хабарлау тәртібін айқындайтын бапқа нақтылау сипатындағы өзгерістер енгізді.

«Сенаторлар ар-ождан бостандығын қамтамасыз етуге және діни іс-шаралар өткізу тәртібін жеңілдетуге арналған бірқатар маңызды өзгерістер енгізді. Бұл түзетулерге халықаралық сарапшылар оң баға берді және олар елімізде діни бостандықты қамтамасыз етуге бағытталған», – деді Сенат Төрағасы.

Осылайша, сенаторлар заң жобасының негізгі нормаларын қолдай отырып, оған түзетулер енгізіп Мәжіліске қайтарды.

Сонымен бірге отырыс барысында бірқатар депутаттық сауал жолданды.

Асқар Шәкіров пен Сергей Ершов халықтың және ел аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік нысандарды жекешелендіру мәселесін көтерді.

Рысқали Әбдікеров Балқаш көлінің таяздану қаупіне назар аударды.

Нұржан Нұрсипатов өңірлер бойынша ішкі ресурстар есебінен халықтың теңгерімін қалпына келтіруге арналған «Серпін» бағдарламасын іске асырудағы проблемаларды тілге тиек етті.

Өз кезегінде Мұхтар Жұмағазиев Қазақ ветеринарлық ғылыми-зерттеу институтын Ауыл шаруашылығы министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне берудің қаншалықты орынды екенін қайта зерделеуді сұрады.

Қанатбек Сафинов құқықтық реттеу деңгейлері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Дүйсенғазы Мусин ауылдық жерлерде төртінші деңгейдегі бюджетті енгізудің проблемалық мәселелерін сөз етті.

Ал Ақылбек Күрішбаев жоғары оқу орындарындағы тәрбие процесінің жай-күйіне сыни талдау жүргізуді және осы жұмысты сапалы жаңа деңгейге шығару бойынша қажетті шаралар қабылдау керектігін айтты.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е.Үкібаев)

Бөлісу