Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев: Парламент 2021 жылы 104 заң қабылдады

30.12.2021 192

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның биылғы қорытынды отырысы өтті. Онда депутаттар 3 мәселені қарады.

Отырыста сенаторлар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы қызметіне Нұрсерік Шәріповті сайлады.

Сонымен қатар депутаттар басқа жұмысқа ауысуына байланысты тиісті өтініш білдірген Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаевтың өкілеттігін тоқтату туралы қаулыны қабылдады. Мәулен Әшімбаев депутат ретінде Сенаттың заң шығару жұмысына, өңірлердің мәселелерін шешуге белсенді атсалысқаны үшін Нұрлан Қылышбаевқа алғыс білдірді.

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады.

Жобаны іске асыру үшін бір миллиард доллардан астам инвестиция тарту көзделіп отыр. Жоспарға сәйкес зауыт құрылысы 2024 жылы аяқталуға тиіс. Келісім аясында кәсіпорында қазақстандық мамандарды міндетті түрде жұмысқа орналастыру бойынша талап қарастырылады.

«Бүгін қаралған Келісім заман талаптарына сай химиялық кешен салуды және оны пайдалануға беруді көздейді. Зауыт өнімдері еліміздің экономикасын дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс соңында Сенат Төрағасы Палатаның биылғы жұмысын қорытындылады. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев 2021 жыл еліміз үшін тарихи жыл болғанына назар аударып, биыл Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өткенін, сондай-ақ, қос палаталы кәсіби Парламенттің құрылғанына 25 жыл толғанын атап өтті.

Өтіп бара жатқан жыл мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғаларға толы болды. Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарын іске асыру жолында ауқымды жұмыс атқарылды.

«Парламент Үкіметпен бірлесіп, Президент Жолдауы мен тапсырмаларын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету міндетін абыроймен атқаруда. Соның нәтижесінде биыл Парламент 104 заң қабылдады. Қабылданған заңдар еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық орнықты дамуын көздейді», – деді Палата Спикері.

Жылды қорытындылаған Мәулен Әшімбаев ел Президентінің тапсырмасы бойынша биыл қабылданған бірқатар маңызды заңдарға тоқталып өтті. Олардың қатарында жер қатынастары мәселелерін, мемлекеттік және жергілікті басқару жүйесін реттеуге, өлім жазасынан бас тартуға, құқық қорғау органдарын реформалауға, елдегі бизнес ортаны жақсартуға, отандық өнеркәсіпті жетілдіруге арналған заңдар және тағы басқа нормалар бар.

Сонымен бірге Сенат Төрағасы депутаттардың заң шығаруға бастамашы болу белсенділігін де тілге тиек етті. Жыл өткен сайын бұл жұмыстың саны да, сапасы да артып келеді.

«Биыл қабылданған әр төртінші заңға Парламент депутаттары бастамашы болды. Олардың қатарында еліміздің сот жүйесін одан әрі реформалауға, азаматтық процесті жеңілдетуге, татуластыру рәсімдерін қолдану саласын кеңейтуге, жеке тұлғаның жалғыз баспанасын кепіл ретінде қабылдауға шектеу қоюға және басқа да мәселелерді реттеуге бағытталған маңызды заңдар бар. Президенттің тапсырмасы бойынша депутаттардың бастамашы болуымен әзірленген заңдардың қатарында «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» туралы заң да бар», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы 2021 жылы сенаторлар заң шығарумен қатар басқа да бағыттар бойынша табысты жұмыс істегенін айтты. Бұл ретте өңірлердегі мәселелерді шешу, кәсіпкерлікті дамыту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағыттары бойынша белсенділікті ерекше атап өткен жөн.

«Биыл біз заң шығарумен қатар парламенттік қызметіміздің өзге де бағыттары бойынша мазмұнды әрі нәтижелі жұмыс істедік. Сенаторлар маңызды тақырыптар бойынша мемлекеттік органдарға 100-ге жуық депутаттық сауал жолдады. Сенат қабырғасында қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелерге арналған 80-нен астам іс-шара өткізілді», – деді Сенат Спикері.

Бұдан басқа, отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Ақылбек Күрішбаев Премьер-Министрдің атына жолданған сауалда еліміздің орман қорына назар аударды. Ал Бақытжан Жұмағұлов Алматы облысындағы «Мамания» мектеп-медресесін қалпына келтіріп, оған этнографиялық музей мәртебесін беру керектігін айтты.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е.Үкібаев)

Бөлісу