Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Сенатта АӨК саласына цифрландыруды енгізу тетіктері зерделенді

11.03.2022 213

Бүгін Сенатта Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтар комитетінің депутаттары ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізу мен оны шешу жолдарын талқылады.

АӨК цифрландыру өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, сапасын арттыруға және сыбайлас жемқорлық қаупінің алдын алуға көмектеседі. Сенат комитетінің төрағасы Әли Бектаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру аясында өткен дөңгелек үстел отырысын аша келіп, өз ойларын ортаға салды.

«Аграрлық бизнес-процестерді цифрландыруды зерделеу барысында пайдаланудағы ауыл шаруашылығы жерлерінің картасы, агроөнеркәсіп кешені саласындағы барлық ғылыми жетістіктер, жаңалықтар мен инновациялар туралы толық ақпарат жинақталған бірыңғай базаның жоқтығы анықталды. Еліміздегі көптеген ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, әсіресе ауылдық жерлерде интернетке қол жеткізу сапасы өте төмен, бұл мәселе аса маңызды және мемлекеттік деңгейде кешенді шешуді талап етеді», - деді Әли Бектаев.

Сенаторлар осы кездесудің алдында аймақтардағы шаруа қожалықтары мен ауылшаруашылық өндірістеріне барып, фермерлермен жүздескен болатын. Бұл тұрғыда ауқымды жұмыстар атқарылды. Осындай кездесулер барысында субсидиялау жүйесіндегі кемшіліктер, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің, әсіресе шағын фермерлердің мемлекеттік қолдауға қол жеткізуі шектелгені де айтылды.

Сенаторлар сонымен қатар дайындық жұмыстары аясында Ұлттық ғарыш орталығында болып, ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштан мониторинг жасауды дамыту мәселелерін де талқылады. Дөңгелек үстел отырысы барысында Қазақстанның барлық аумағындағы жайылымдық жерлерді ғарыштан мониторинг жасағанда жайылымдардың жалпы ауданының 188 млн гектарынан 3 жыл ішінде 68% немесе 127,7 млн гектар қамтылғаны атап өтілді.

Сенаторлар шара барысында зерделенетін және ауыл шаруашылығына цифрландыруды енгізуге қатысты қазіргі проблемаларды шешу жөніндегі ұсынымдарда көрсетілетін Үкімет пен мүдделі мемлекеттік органдарға арналған ұсыныстар айтылды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е.Үкібаев)

Бөлісу