Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022–2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» және «2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қабылдады.
Осы құжаттарға сәйкес, Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2022 жылы 4 030 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл қаражат елдің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын одан әрі қамтамасыз етуге жұмсалады.
Сондай-ақ ұсынылған түзетулер Мемлекет басшысының азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындауды көздейді. Енгізілген толықтырулардың қатарында – халықтың табысын арттыру бағдарламасын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды, өңдеу өнеркәсібі мен кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі бағдарламаны іске асыруды қаржыландыру мәселелері бар. Одан бөлек, қаңтар оқиғасының салдарын жою, күш құрылымдары мен төтенше жағдайлар органдарының жауынгерлік дайындығы мен жабдықталуын арттыру, өңірлерді дамыту бағыттарына да баса мән берілді.
Аталған маңызды заңдар жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев ішкі және әлемде болып жатқан оқиғалар ел экономикасына кері әсерін тигізіп отырғанын айтты. Бүгінде шикізат бағасы өскенімен, Қазақстан импорттайтын тауарларға инфляцияның арта түскені белгілі. Логистикаға қатысты проблемалар да өзекті. Сенат Төрағасы осындай күрделі жағдайға қарамастан мемлекет экономиканы қорғау үшін қажетті шараларды қабылдап жатқанын және өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ ол биылғы ел бюджетінің шамамен жартысы әлеуметтік салаға жұмсалатынына назар аударды.
«Бүгін қабылданған түзетулердің нәтижесінде сәуір айынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер қосымша 4 пайызға индекстеледі. Мұндай қадам 4 миллионнан астам адамға игі әсерін тигізеді. Жалпы алғанда, зейнетақының орташа мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өседі. Халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша Кешенді жоспарды іске асыру үшін 197 млрд теңге бөлінеді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыруға 238 млрд теңге қарастырылды. Экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі де ұлғаяды. Осы шаралардың бәрі экономикамызды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл- ауқатын арттыруға жол ашады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Нақтыланған республикалық бюджетте бизнесті қолдау және өңірлерді дамыту бағдарламаларын қаржыландыруға да баса мән беріліп отыр.
«Жалпы бөлінетін қаржының және жоспарланған жұмыстың нақты нәтиже беруі маңызды. Республикалық бюджеттің әр теңгесі орнымен бөлініп, тиімді жұмсалуға тиіс. Ұлттық қордың да қаржысын дұрыс пайдаланған жөн. Бюджет дефицитін сырттан қарыз алып қаржыландыру мәселесін қайта пысықтаған абзал. Қарызды көбейте бермей, бар қаражатты дұрыс пайдалану қажет. Сондықтан бюджетті қараған кезде нәтиже бермейтін науқандық шараларды қаржыландыруға жол берілмеуі керек. Үкімет мүшелері, әкімдер, басқа да лауазымды тұлғалардан алдағы уақытта осы мәселелерді ескеруді сұраймыз», – деді Сенат Спикері.
Сенаторлар мәселені талқылау барысында бюджет қаражатының жұмсалуын сапалы бақылау ісіне де баса мән берді. Депутаттар аталған заңдарды қолдай отырып, Үкімет мүшелерінің назарын бірқатар маңызды мәселелерге аударды. Олардың қатарында экономиканың өсуін қамтамасыз ететін шаралар қабылдау, мүгедектігі бойынша зейнетақыны индекстеу, елдегі макро және микроэкономикалық жағдайды бағалау және болжау жұмыстарын жетілдіру, сондай-ақ, сыртқы қарыздар мен Ұлттық қордан берілетін трансферттер көлемінің өсу қарқынын төмендету сияқты нақты шаралар бар.
Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» конституциялық заң жобасын қарады. Бұл құжат республикалық референдумның қорытындысын шығару кезінде бюллетеньдерді жарамсыз деп тану қағидалары бойынша өзгерістерді қарастырады. Сондай-ақ референдумға қатысу кезінде азаматтың дауыс беру рәсімін нақтылайды.
Заң жобасын қарау кезінде депутаттар құжатқа түзетулер енгізуді ұсынды. Сенаторлардың ұсынысы бойынша заңның 3-бабының 2-бөлігі өзгертілді. Сенат енгізген түзетуде «мемлекеттің тәуелсіздігін, республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, республика қызметінің түбегейлі принциптерін өзгерту» мәселелері референдумның нысанасы бола алмайды деп көрсетілген.
Осы түзетумен құжат Мәжіліске қайтарылды.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е.Үкібаев)