Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

АҚШ конгрессмендері Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді

02.09.2022 264

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев АҚШ Конгресінің мүшелері Джимми Панеттамен және Томас Суозимен кездесті.

Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен АҚШ-тың арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толғанын, осы уақытта түрлі салада бірлескен жобалар мен екіжақты байланысты арттыруға арналған бағдарламалар табысты іске асырылғанын атап өтті.

Сенат Спикері Қазақстан Парламенті алдағы кезеңде АҚШ Конгресімен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін айтты.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталды. Спикер еліміздің саяси жүйесін демократияландыруға және Мемлекет басшысының Жолдауындағы жаңа бастамаларға баса мән беріп, жүргізіліп жатқан өзгерістердің стратегиялық сипатына назар аударды.

«Кеше Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Онда еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласын реформалау және саяси жүйені дамыту бойынша алдағы басымдықтар айқындалды. Жолдауда белгіленген басым бағыттарға сәйкес біз алдағы уақытта Қазақстанның түрлі саладағы құқықтық жүйесін жетілдіруге арналған ауқымды заңдар топтамасын қабылдаймыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ кездесу барысында бірегей және тарихи оқиға – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі туралы да сөз болды.

«Қазіргі таңда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі негізгі конфессиялар мен халықаралық ұйымдардың аса маңызды диалог алаңы екені белгілі. Уақыт өткен сайын Съездің жұмысына деген қызығушылық артып келеді», – деді Сенат Төрағасы.

Съезд Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев қазірдің өзінде әлемнің 50-ден астам елінен 100-ден астам делегация аталған іс-шараға қатысатындарын растағанын айтты. Съезд қорытындысы бойынша Декларация қабылданып, ол БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде таратылады. Декларацияда аса өзекті әлемдік проблемалар, жаһандық қақтығыстар, геосаяси шиеленіс, әлеуметтік түйткілдер, сондай-ақ, адамгершілік және моральдық құндылықтарды дәріптеу мәселелері қамтылады.

Өз кезегінде конгрессмендер Қазақстанның өркениетаралық диалогты қамтамасыз етуге және бейбітшілікті, елдер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, парламентаралық ынтымақтастық перспективалары туралы сұхбат үшін ризашылықтарын білдірді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

 

Бөлісу