Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев: Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі – тек діни іс-шара емес

09.09.2022 179

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Tengrinews.kz ақпарат агенттігіне сұхбат берді. Сұхбат барысында ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарына және әлеуметтік-саяси реформаларға тоқталды. Сонымен қатар Палата Спикері алдағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің ерекшеліктерін де атап өтті.

Сенат Төрағасы Жолдауда Әділетті Қазақстан құрудың жолы айқын көрсетілгенін айтты. Мәулен Әшімбаев мұны стратегиялық бағдарламалық құжат ретінде қарастыру керек деп есептейді.

«Жолдауда мемлекеттік саясатты трансформациялаудың нақты қадамдары көрсетілген. Қазақстандық отбасыларға, балаларға Ұлттық қордың ресурстарынан қосымша көмек беріледі. Бұл ұлттық табысты барынша әділ бөлуді көздейді. Сондай-ақ сән-салтанат салығын енгізу туралы ұсыныс та әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге арналған маңызды қадамдардың бірі. Жалпы, Жолдауда соңғы жылдарда қоғамды алаңдатқан көптеген мәселелерге жауап берілген», – деді Мәулен Әшімбаев.

Басылым тілшісінің сауалына жауап берген Мәулен Әшімбаев кезектен тыс президент сайлауы, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына да тоқталып, бұл билікті демонополиясыздандыру үшін жасалып жатқанын айтты. Сенат Төрағасы мұндай маңызды қадам елімізде теңгерімді және бәсекеге қабілетті саяси жүйе құруға бағытталған саяси реформалардың жалғасы екенін де тілге тиек етті.

Сонымен қатар Съезд Хатшылығының меңгерушісі алдағы дін лидерлерінің форумына дайындықтың соңғы кезеңдері туралы баяндады. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, шетелден келген делегациялар мен меймандардың көптігіне қарамастан, ұйымдастырушылардың алдында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін кез келген қолайсыздықты барынша азайту міндеті тұр. Сондай-ақ Рим Папасының мессасы үшін Қазақстанға келетін азаматтар мен туристердің іс-шараға еркін қатысуына жағдай жасалуда. Атап айтқанда, логистиканы жеңілдету үшін қатысушыларды Месса өтетін жерге жеткізу үшін арнайы автобустар ұйымдастырылады, қатысушыларды тіркеудің қолайлы жүйесі құрылды және ол қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.

Конгресс жұмысына Рим Папасымен қатар ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм және басқа да әлемдік діндердің көшбасшылары мен өкілдері қатысады. Съезге мұсылман әлемінің көрнекті рухани көшбасшысы – Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб, Израильдің бас раввиндері және басқа да дін қайраткерлері келеді. Алайда, Съезд Хатшылығының меңгерушісі бұл форумды тек діни іс-шара ретінде қарастырмау керек екенін атап өтті.

«Рухани көшбасшылар халықаралық ұйымдардың өкілдерімен, саясаткерлермен бірлесіп әлемдегі бүгінгі сын-қатерлерге қарсы әрекет ету жолдарын іздейді. Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі – елдер мен халықтар арасындағы дінаралық, өркениетаралық диалогты дамыту тәсілдері талқыланатын алаң», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сұхбаттың толық мәтінін ақпарат агенттігінің сайтынан мына сілтеме бойынша https://tengrinews.kz/article/kazahstanu-vizit-papyi-rimskogo-intervyu-maulenom-1832/ оқып, көре аласыздар.

Айта кетейік, 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі өтеді. Биыл форумға әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация қатысады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Фото: Н.Байбулин)

Бөлісу