Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев діндер лидерлерінің VII Съезіне қатысушылармен екіжақты кездесулер өткізді

15.09.2022 164

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев VII Съезге қатысушылармен екіжақты кездесулер өткізді.

Мәулен Әшімбаев діндер лидерлеріне форумға қатысып, қолдау көрсеткені және ынтымақтастық танытқаны үшін ризашылығын білдірді.

Волоколамск митрополиті, Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархының викарі Антониймен кездесуде қазіргідей постпандемиялық кезеңде мұндай Съездің маңызды екені сөз болды. Тараптар форум халықаралық қоғамдастыққа диалог пен өзара қолдау бүгінде бүкіл әлем бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлерді тиімді еңсерудің жалғыз жолы екендігін дәріптейтінін айтты.

Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Ресей мүфтилері кеңесінің төрағасы, мүфти-шейх Равиль Гайнутдинмен кездесу барысында өскелең ұрпаққа білім беру және діни ағарту тақырыптарына баса мән берілді.

Сұхбаттасушылар қазіргі таңда діни қайраткерлер, халықаралық ұйымдар, саясаткерлер мен парламентшілер жұртшылықтың ең ықпалды өкілдері ретінде экстремизмге қарсы жұмыстарға белсенді қатысуы керектігіне назар аударды.

Мәулен Әшімбаев Парламентаралық Одақтың төрағасы Дуарте Пашекумен кездесу кезінде аталған ұйымның Съезге алғаш рет қатысып отырғанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар Сенат Спикері меймандарға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда іске асырылып жатқан саяси реформалар туралы айтты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Мемлекет Басшысының Жолдауындағы басым бағыттарға және Парламент пен мәслихаттар депутаттарын сайлау тетігін өзгертуді көздейтін конституциялық реформаға тоқталды.

Өз кезегінде кездесуге қатысушылар Қазақстанның этносаралық және дінаралық диалогты ілгерілетуге және мәдени әралуандықты қолдауға арналған бастамаларын жоғары бағалады. Діндер көшбасшыларының пікірінше, Қазақстанның осы саладағы табысты тәжірибесі зерделеніп, талқыланып, басқа елдерге үлгі болуға тиіс.

 

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу