Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Сенаторлар екі заң қабылдады

22.09.2022 270

 Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев алдымен өткен аптада елімізде болған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне тоқталып, форумның жұмысын қорытындылады.

«VII Съезд тарихи және бірегей оқиға болды. Форум дінаралық және өркениетаралық диалогтың айтулы алаңына айналды. Дін лидерлері Съезд мінберінен бейбітшілік пен диалогты қолдауға арналған маңызды ойлар айтты. Нәтижесінде айтылған ұсыныстар тұжырымдалып, ортақ Декларация қабылданды. Онда диалог пен өзара түсіністік мәдениетін ілгерілету және жанжалдар мен қақтығыстарды тоқтату бойынша әлемдік қауымдастықтың алдында тұрған маңызды мәселелер көрсетілді», – деп Мәулен Әшімбаев сенаторларға Съезге белсенді қатысқандары үшін алғыс айтты.

Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар екі заңды қарап, қабылдады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мәдениет және кинематография саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруге бағытталған.

«Заң кинематография саласын одан әрі дамытуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырады. Жаңа нормалар мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге және халқымыздың тарихы мен мәдениетін кеңінен дәріптеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы заңға сәйкес 25 қазан Ұлттық мереке – Республика күні болып бекітілді. Бұл – тарихи және өте маңызды шешім. Алдағы уақытта осы мейрам тәуелсіздігімізді дәріптеуге және нығайтуға өз үлесін қосады ден сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы және биоотын айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарап, қабылдады. Құжат агроөнеркәсіп кешенін әрі қарай жаңғыртуға және цифрландыруға, асыл тұқымды мал шаруашылығындағы тиімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, биоэтанолды пайдалану саласын кеңейтуге және осы бағыттағы тағы басқа басымдықтарды жетілдіруге арналған.

Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.

Бекболат Орынбеков халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты проблемаларды көтеріп, жағдайды жақсарту үшін нақты ұсыныстарын айтты.

Серікбай Трұмов Жаңаөзен қаласында еліміз үшін жоғары әлеуметтік-экономикалық маңызы бар Қазақ газ өңдеу зауытын салу мерзімінің бірнеше мәрте кейінге шегерілуіне наразылығын білдірді.

Бақытжан Байахметов жер учаскелеріне құқықтарды мемлекеттік тіркеудің болмауына байланысты жеңілдетілген ауылшаруашылық субсидиялары мен несиелерін ала алмай жүрген шаруалардың мәселелеріне назар аударды.

Ақмарал Әлназарова елімізде өмірлік маңызға ие дәрілік препараттардың тапшылығына тоқталды. Сондай-ақ отандық өндірушілердің дәрі-дәрмек өндірісін субсидиялау арқылы жолға қою жөніндегі ұсыныстарын айтты.

Әли Бектаев суармалы егіншілік мәселелеріне, сондай-ақ Түркістан облысындағы каналдар мен су жүйелерінің күрделі жағдайына назар аударды.

Андрей Лукин әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне тоқталып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін жақсартуға арналған бірқатар шара ұсынды.

 

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу