Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Қазақстан мен Өзбекстан Сенаторлары Арал проблемасын талқылады

28.10.2022 317

Қазақстан Парламенті Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаевамен бірге екі елдің Сенаттары арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның үшінші отырысына қатысты. Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың бірқатар маңызды басымдықтарын, оның ішінде өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Комиссияның жұмысын ашқан Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен тату көршілікке негізделген байланыс сындарлы және сенімді диалог құруға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Бүгінде біздің мемлекеттеріміздің басшылары ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың жоғары үлгісін көрсетіп келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы сапарын бауырлас Өзбекстан елінен бастауы зор мәнге ие. Сондай-ақ 2021 жылғы желтоқсан айында Өзбекстан Президенті Шавхат Мирзиеевтің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесінде біздің серіктестігіміз одақтастық қарым-қатынас деңгейіне көтерілді. Біздің Палаталарымыз арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия да белсенді жұмыс істеп келеді. Осы ретте Комиссияның екі тең төрағасының нәтижелі қызметін ерекше атап өткім келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Екі ел Парламенттері Сенаттарының төрағалары Комиссия жұмысын оң бағалап, қол жеткізілген жоғары сапа Палаталар арасындағы өзара іс-қимылдың маңызын одан әрі арттыра түсетінін атап өтті.

Отырыс кезінде сенаторлар Арал проблемасына, оның салдарын жоюға қатысты бірлескен жұмысқа баса мән берді.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы және барлық әлемдік қоғамдастық Аралдың құрғауын қазіргі таңдағы жаһандық экологиялық проблемалардың бірі ретінде атады. Қазақстан мен Өзбекстан Арал өңіріндегі жағдайды айтарлықтай тұрақтандыруға мүмкіндік беретін тиісті шараларды және жобаларды іске асыруда. Бүгінгі отырыс кезінде біздің депутат әріптестеріміз Арал проблемасын шешу жолында Парламенттеріміз тарапынан атқарылатын бірлескен жұмысқа қатысты тың идеялар мен ұсыныстарын ортаға салады деп үміттенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Комиссия отырысында сенаторлар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты дамыту, екі ел қалаларының бауырластық байланыстарын нығайту мәселелерін талқылады.

Өз кезегінде Танзила Нарбаева парламентаралық ынтымақтастықты қалыптастыру жолында жүйелі жұмыс жүргізген Қазақстанға алғысын білдірді.

Отырыста сайлауды бақылау жөніндегі мониторингтік миссиялар кезінде халықаралық ұйымдар аясындағы бірлескен жұмыс барысы да сөз болды. Одан бөлек, 2021-2022 жылдарға арналған Парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы қорытындыланды.

Кездесу соңында екі ел Парламентінің өкілдері Арал проблемасының салдарын жоюға, туризмді дамыту, су ресурстарын басқару, Орталық Азия өңірінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өзара іс-қимылдың басқа да өзекті бағыттары бойынша жұмыстарға парламентшілердің одан әрі қатысуын көздейтін ұсыныстар кешенін әзірледі.

 

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу