Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев: «Бүгінгідей күрделі кезеңде тәуелсіздікті нығайту – басты міндет»

15.12.2022 325

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заңды қабылдап, өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырысты ашқан Сенат Төрағасы алдымен Тәуелсіздік күнінің маңызына тоқталып, отырысқа қатысушыларды мерекемен құттықтады.

«Тәуелсіздік күні – еліміздің ең ұлық мерекелерінің бірі. Бұл күн – азаттығымыз бен еркіндігіміздің символы. Шын мәнінде, еліміздің бүгінге дейін жеткен жетістіктерінің бәрі осы Тәуелсіздіктің жемісі. Тәуелсіздіктің арқасында біз демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудамыз. Қазір бүкіл әлем алмағайып кезеңді бастан өткеруде. Осындай күрделі шақта елдіктің іргесін бекітіп, Тәуелсіздікті нығайту – басты міндет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрікменстанның Үкiметi арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қарап, қабылдады. Қабылданған заңдар елдердің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

«Бұл келісімдер көрші елдермен бірлесіп, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуды көздейді. Заң нормалары осы бағыттағы бірлескен шараларды іске асыру үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Аталған заңдар осы саладағы өзара іс-қимылдарды жүзеге асыра отырып, көрші елдермен ынтымақтастықты арттыра түседі деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Бұл заң шетелдік инвестицияларды тарту және екі елдің инвесторларының құқықтарын қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Сондай-ақ Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң қабылданды. Құжатқа енгізілген жаңа нормалар соттарға деген сенімді арттыруды және азаматтық қоғамның сот ісін жүргізу рәсіміне қатысуын жандандыруды көздейді.

Жалпы, бұл заңның негізгі мақсаты – қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру. Сол арқылы қоғамның құқықтық мәдениетінің өсуі және сот төрелігінің нәтижелеріне азаматтардың қанағаттану деңгейінің артуы қамтамасыз етілмек. Қазіргі таңда Қазақстанда соттар алқабилердің қатысуымен тек аса ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық істерді қарайды. Заңда алқабилердің қатысуымен соттың қарауына жататын қылмыстық істер санатын ауыр және ауырлығы орташа қылмыстардың тағы 13 құрамымен кеңейтуге қатысты нормалар бар.

Осы заң бойынша пікір білдірген Мәулен Әшімбаев бұл бағыттағы жаңа нормалар Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мақсатымен қабылданғанын айтты.

«Қабылданған заң алқабилер сотын одан әрі дамытуды және алқабилердің қатысуымен сотта қаралатын істердің санаттарын кеңейтуді көздейді. Бұл – қоғамның сұранысына сай келетін әділетті құқық қорғау жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Алдағы уақытта алқабилер соты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сотта қорғалуына қосымша кепілдік береді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.

Палата отырысында бірқатар сенатор өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Айнұр Арғынбекова еліміздегі ядролық медицинаны дамыту мәселелері туралы айтып, оларды шешу бойынша өз ұсыныстарын айтты.

Амангелді Толамисов елде құмар ойындар мен букмекерлік кеңселердің жарнамасының көптігіне алаңдаушылық білдірді. Ол шамадан тыс жарнама көбінесе адамның құмар ойындарға тәуелді болуына әкелетінін атап өтті.

Ғұмар Дүйсембаев отандық зергерлік өнеркәсіпті қолдау шараларын күшейтуге шақырды. Атап айтқанда, сенатор көлеңкелі импорт пен контрабандаға қарсы күресті күшейтуді, ломбардтарды пайдаланылған зергерлік бұйымдарды тек ішкі нарыққа сатуға, сондай-ақ басқа да шараларды қолдануға міндеттеуді ұсынды.

Бекболат Орынбеков Жамбыл облысының Қордай ауданында электр энергиясының тапшылығына наразылығын білдірді. Онда электр энергиясының 90 пайызы көрші Қырғыз Республикасынан жеткізіледі. Сенатордың айтуынша, «Қордай 220» электр стансасының құрылысы осы мәселенің оң шешілуіне септігін тигізеді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу