Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар Батыс Қазақстан облысында шекара маңы ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады

29.05.2023 134

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Батыс Қазақстан облысында шекара маңы ынтымақтастығы мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді.

Парламентшілер өңірде болған кезде Ресей Федерациясының Самара облысымен шекарада орналасқан «Сырым» халықаралық өткізу пункті мен «Махамбет» шекара заставасында болды. Сенаторларға автомобиль пунктінің өткізу мүмкіндігі, оның жабдықталуы және маңайдағы шекараның жай-күйі көрсетілді.

Бүгінгі таңда пункттің көлік құралдарын өткізу мүмкіндігі тәулігіне 3 мың автокөлікті құрайды, мұнда көлік құралдарына арналған 8 жолақ жұмыс істейді (кіретін 4 және шығатын 4 жолақ бар). Алайда бұл орын жүк ағынының қазіргі көлеміне үлгермей жатыр, көлік кезегі тез жиналып қалады, күту уақыты 8 сағатқа дейін созылады. Бұл халықтың коммуникациясын қиындатып отыр. Сондай-ақ телефон байланысы мен тиісті инфрақұрылымның болмауы өткізу пунктінің жеделдігіне де әсер етеді. Әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері назар аударуды талап етеді. Әңгіме барысында Шекара қызметінің өкілдері сенаторларға бұл нысанды жаңғырту 2025 жылы жүргізілетінін айтты, алайда кейбір мәселелер шұғыл шешуді талап етіп отыр.

Сенаторлар жергілікті атқарушы органдардың басшылығымен және мәслихат депутаттарымен кездесіп, олармен шекара маңындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.

 Сенат комитетінің хатшысы Ғалиасқар Сарыбаев өңірдің стратегиялық маңызын, сондай-ақ өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы, оның ішінде Жайық өзенін бірлесіп пайдалану мен қорғау және транзиттік-көлік әлеуетін дамыту мәселелерін бірлескен күш-жігермен шешу қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі уақытта мәслихат депутаттары ағымдағы процестерге неғұрлым белсенді қатысуы, өңірлердің проблемалық мәселелерін зерделеуі және көтеруі, сондай-ақ заңдарды қабылдау жұмысына белсенді қатысуы қажет. Өйткені бүгінде жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару жүйесін дамытудағы мәслихаттардың рөлін арттыруға республикалық деңгейде баса назар аударылып отыр», - деді сенатор Сарыбаев.

Талқылау барысында шағын жинақталған мектептері бар шекара маңындағы елді мекендерді сақтау, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарды салу және жөндеу мәселелері көтерілді. Жайық өзенінің жағалау сызығын айқындау және оның арнасының өзгеру мәселелеріне ерекше назар аудару қажет. Осындай жағдайлардан кейін төрт ауданның елді мекендері мен өңірдің егіс алқаптары сусыз қалуы мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін қомақты қаржы қажет. Облыс басшылығы осыған байланысты көмек көрсету туралы депутаттарға өтініш жасады.   

Сенат депутаттары сапар барысында бәсекеге қабілетті арнаулы мақсаттағы қорғаныс өнімі өндірілетін «Зенит» зауытында болды. ТЖД жанындағы дағдарыстық жағдайларды жедел басқару орталығында, өрт сөндіру бөлімдерінде, Жедел құтқару жасағында, Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде де болды. Сенаторлар жеке құраммен, әскери қызметшілермен және ардагерлермен кездесіп, оларды қызықтыратын зейнетақы, медициналық және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін талқылады.

Депутаттар кездесулер барысында елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар, Парламент палаталарының жұмысындағы өзгерістер, қабылданған заңдар және заң жобалары бойынша жұмыстар туралы айтып берді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу