Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечинаның төрағалық етуімен Палатада «Қазақстанның инвестициялық ахуалы және инвестициялық тартымдылығы» тақырыбы бойынша үкіметтік сағат болды.
Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина өз сөзінде елімізге бет алған инвестицияның басым бөлігі, өкінішке орай, шикізат секторы мен инфрақұрылымға ғана келіп жатқанын атап өтті. Депутат еліміздің арнайы экономикалық аймақтарын дамыту жағдайын мысалға келтірді. АЭА аумағында өнеркәсіп кәсіпорындарын құруға келген инвестицияның жалпы көлемі 1,2 трлн теңгені құрағанын, оның 65%-ы квазимемлекеттік сектордың қатысуымен болып отырғанын атап өтті.
«Осыдан кейін Қазақстанға келген шетелдік капиталды шикізат өндіруден басқа ешқандай сала қызықтырмайды деген қорытынды сұранып тұр. АЭА-ға инвестиция тартуға кедергі келтіретін негізгі проблемалар инфрақұрылымның аяқталмауы, білікті кадрлардың тапшылығы, АЭА-ның жұмыс істеу мерзімінің аяқталу кезеңі мен инвестор ақшасының өтелуінің мерзімінің қолайсыздығы және тағы басқа мәселелер өзекті болып отыр», - деді Төраға орынбасары.
Сенаттағы Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов өз кезегінде бүгінгі таңда инвестициялық келісімшарттар жасасу жөніндегі функцияны Сыртқы істер министрлігінен алып жергілікті атқарушы органдарға беру қажеттігін атап өтті.
«Инвестициялық келісімшарттар аясында инвесторлардың қарсы міндеттемесінің көзделуі, жасалған уағдаластықтар бойынша атқарушы органдардың бұрын қабылданған міндеттемелерді негізсіз қайта қарауына тыйым салуды заңнамалық тұрғыдан бекіту, инвесторлар шағымдарының тиімді қаралуы, сондай-ақ олардың мәселелерін сотқа дейінгі тәртіппен шешу мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары деңгейінде инвестициялық омбудсмен орынбасары лауазымын енгізу арқылы Инвестициялық омбудсмен институтын күшейту қажет. Осы және басқа да ұсыныстар Үкіметке ұсыным түрінде жіберіледі», - деді сенатор.
Шара барысында Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сыртқы істер министрліктерінің, «Атамекен» ҰКП басшылары, сондай-ақ салалық сарапшылар да баяндама жасады.
Сенаторлар жұмыс барысында қатысушылармен бірлесе отырып инвестиция тарту, мемлекеттік қолдау, кедендік бақылау, салық және басқа да заңнамалық актілер, сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелерін де қарады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)