Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар атом өнеркәсібінің даму келешегін талқылады

09.06.2023 137

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшылығымен кездесті.

Уран және оның қосылыстары, АЭС-қа арналған ядролық отынды, ұлттық оператордың арнайы жабдықтар мен технологияларды импорттау және экспорттау жөніндегі қызметін одан әрі жетілдіру мәселелері талқылаудың негізгі тақырыбы болды.

Сенат комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев «Қазатомөнеркәсіп» 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі ең ірі уран өндіруші болғанын және қазіргі кезде оның өнімдері дүние жүзіндегі уран өндірісінің шамамен 22%-ын құрап отырғанын атап өтті.

«Қазақстанның атом өнеркәсібін одан әрі дамытуда «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы жұмысының тиімділігін арттыру айқындаушы болып табылады. Ол үшін геологиялық барлау, уранды өндіру және қайта өңдеудің жаңа әдістерді енгізу және қолданыстағы тәсілдерді оңтайландыру, өнімді қайта бөлу деңгейін арттыру, шикізат базасын толықтыру, уранды жеткізудегі көлік бағыттарын әртараптандыру және жоғары білікті кадр даярлау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет», - деп атап өтті сенатор.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Мұқанов кәсіпорын құрылымына  уран өндіруші 14 және уран өңдеуші 4 компания, сондай-ақ сервистік және қосалқы 16 кәсіпорын кіретіні туралы хабардар етті. Ол сонымен қатар іске асыру жоспарланған үш ірі жоба туралы да айтты. Олардың ішінде: қуаттылығы жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін зауыттың құрылысы, қуаттылығы жылына 900 тонна жер үсті өңдеу кешенінің құрылысы және қуаттылығы жылына 6 000 тонна уран тотығы-шала тотығының аффинаждық өндірісі бар.

Бұл жобалар күкірт қышқылының тапшылығын азайтуға және еліміз аумағындағы кәсіпорындарды қамтамасыз етуге, сондай-ақ неғұрлым жоғары қайта бөлінген өнімдер шығаруды бастауға мүмкіндік береді.

Депутат Алдашев кездесуді қорытындылай келіп, Сенат комитеті Қазақстанның атом өнеркәсібінің, атап айтқанда «Қазатомөнеркәсіп» жұмысының әр тараптануы мен тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған бірлескен жұмыс пен ұсыныстарды талқылауға дайын екенін атап өтті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

 

Бөлісу