Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар Қазақстан мен Түркия Үкіметтері арасындағы келісімді ратификациялады

07.09.2023 267

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Сондай-ақ олар депутаттық сауалдарын жолдады.

Мақұлданған заң жөнінде пікір білдірген Сенат Төрағасы Келісім екі мемлекет арасында тасымалданатын тауар мен көлiк құралдары туралы электрондық ақпарат алмасу тәртібін айқындайтынын атап өтті. Соның нәтижесінде кедендiк бақылау рәсімдерінің мерзiмдерi қысқарып, тиiмдiлiгi артпақ.

«Осы құжат арқылы өткізу пункттерінде шекарадан өтудің тәртібі анықталады. Сонымен бірге кедендік тексеруден босату және өзге кедендік рәсімдеулерді жеңілдету көзделіп отыр. Алдағы уақытта заң екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Ақмарал Әлназарова медициналық мамандықтар бойынша білім гранттарын арттыру керектігін айтып, Үкіметтің назарын аударды.

Жанболат Жөргенбаев Алматы облысындағы аудандарда суды тиімсіз пайдалану және гидротехникалық құрылыстардың тозуы мәселесін көтерді. Соған байланысты сенатор 2023-2026 жылдарға арналған Ауыл шаруашылығында суды тиімді тұтынуды қамтамасыз ету жөніндегі жол картасына бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынды.

Серік Шайдаров Жезқазған қаласында инфрақұрылымның тозуына алаңдаушылық білдіріп, өңір тұрғындарымен кездесуде аталған проблема кеңінен талқыланғанын айтты. Премьер-Министрге жолданған сауалда ЖЭО-ның жай-күйі, Есқұла су құбырының құрылысы, Үйтас-Айдос су құбырын қайта жаңарту және басқа да нысандардағы шұғыл шешімді талап ететін мәселелер көтерілген.

Амангелді Толамисов бала асырап алу саласындағы проблемаларға тоқталды. Депутат бұл мәселеде тараптардың заңды жауапкершілігін күшейтудің маңызы зор деп санайды.

Қайрат Тастекеев өз сауалында елімізде техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін күшейту қажеттігін атап өтті.

Андрей Лукин ветеринарлық бақылау саласындағы проблемаларды айтып, кәсіпкерлерге шығындарды төлемей мал өнімдерінің сынамаларын алу тәжірибесін тоқтатуға шақырды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу