Сенатор Бибигүл Жексенбай БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңсесі ұйымдастырған медибрифингке қатысты. Шара Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының Жоғары деңгейдегі апталығында жоспарланған Тұрақты даму мақсаттары Саммиті қарсаңында ұйымдастырылған.
ТДМ-ның өзекті мәселелерін талқылау барысында сенатор әр мемлекет халықаралық құжатта қамтылған әлеуметтік жағдай, денсаулық, жұмыссыздық, білім беру, ауыз су, экологиялық ахуалды жақсарту сынды мәселелерді шешуі керектігін атап өтті. Сенатордың пайымынша Президенттің биылғы Жолдауы - Қазақстанның Орнықты даму мақсаттарын орындау алгоритмі болып табылады.
«Жолдау Орнықты даму жолының картасын жасады деуге толық негіз бар. Атап айтқанда, су тапшылығы, энергия көздері, кедейшілік, аштық және экология сияқты мәселелер түбегейлі өзгерістер мен жаһандық маңыздылығы жоғары. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылы Орнықты даму мәселелері жөніндегі форумда да оның мақсаттары бойынша көздеген нәтижелерге қол жеткізу үшін шешуші шаралар қабылдау қажеттігін айтып өткен болатын»,- деп атап өтті сенатор.
Сондай-ақ шараға шетелдік сала сарапшылары, жетекші БАҚ өкілдері мен еліміздегі қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)