Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаттағы «Өңір» депутаттық тобының көшпелі отырысы

27.09.2023 205

Сенатор Серік Шайдаровтың төрағалық етуімен Ақмола облысының Родина ауылында «Өңір» депутаттық тобының көшпелі отырысы болды. 

Сенаторлар сапар барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ «Родина» агрофирмасы» ЖШС басшылығымен кездесіп, өңірлерді дамытуға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады. Шара барысында жер заңнамасы мен инфрақұрылымның проблемалық мәселелері талқыланды. Серік Шайдаров өз сөзінде еліміз Президентінің өңірлер мен ауыл шаруашылығын дамыту саласы бойынша алға қойған міндеттері туралы айтты және Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық қолдау жөніндегі сенаторлардың қажырлы қызметі туралы атап өтті.

«Ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында ең бірінші тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету міндеті тұр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында айтқандай ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді 70 пайызға жеткізу қажет. Бұл елдің ауылшаруашылық өнімдерін экспортын арттырып, азық-түлікке ішкі сұранысты толыққанды қамтамасыз етуге жол ашады. Депутаттар осы нақты міндетті орындау және адамдарды өнімді қайта өңдеуге ынталандыру үшін тиісті заңнамалық өзгерістерге ұсыныстар дайындап жатыр», - деп атап өтті сенатор Шайдаров.

Өз кезегінде сенатор Бибігүл Жексенбай сапалы, өміршең заң әзірлеу ұзақ та, жауапты жұмыс екенін атап өтіп, қазіргі жаhандық өзгерістер бұл бағыттағы жұмысты ширақ жүргізуді талап етіп отырғанына тоқталды. Депутаттың пікірінше  қабылданатын заңдардың орындалуы да аса маңызды. Сондықтан, парламентшілер мәслихат депутаттарын заңнамалық жұмысқа белсенді түрде тартуды көздеп отырмыз.  Осы орайда «Өңір» депутаттық тобының отырысына барлық облыстардан мәслихат депутаттары қатысып, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді қозғады және заңнамалық өзгерістер бойынша көптеген ұсыным-ұсыныстар айтылды. Оның барлығы Сенат тарапынан Үкіметке ұсынылатын болады.

«Мәслихаттардың құзырын одан сайын күшейту мақсатында заңнамалық тұрғыдан сенаторлар бірқатар бастамалар көтеріп жатыр. Мәселен, жергілікті басқаруда, өңірлерде жер қойнауына, өндірістік-өнеркәсіпке  қатысты мемлекеттік саясатты іске асыруда жергілікті мәслихаттардың қадағалауы, бақылау мүмкіндігін күшейту керек. Мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқаруға қатысты жергілікті мәслихаттар әлеуетін пайдалану артық болмайды. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мен ауыл-аймақтарды қатар дамытып, бұл бағытта кешенді көзқарас ұстануды жүктеп отыр. Сондай-ақ, азаматтардың әл-ауқатын арттыру күн тәртібіндегі ең басты міндеттердің бірі»,- деді депутат.

Көшпелі отырыс жұмысына ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, еңбек және су ресурстары министрліктерінің, сондай-ақ өңірдің салалық сарапшылары мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.

 

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу