Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келісімді ратификациялады

02.11.2023 446

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Іс-шара Қарағанды облысында болған төтенше оқиға салдарынан қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Отырыс барысында сенаторлар Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы келісімді ратификациялады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Палата отырысының күн тәртібіне сәйкес депутаттар «Астанада (Қазақстан Республикасы) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын ұйымдастыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы – жаһандық маңызы зор, беделді халықаралық институттардың бірі. Бүгін мақұлданған заң Қазақстан Республикасы мен осы Ұйым арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі. Сондай-ақ Еуропалық өңірлік комитетінің сессиясында қабылданған шешімдер отандық медицина саласының дамуына да оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Сергей Ершов қауіпті өндірістік нысандардағы апаттардың алдын алуға қатысты бірқатар жүйелі проблемаға назар аударды. Осыған орай депутат жеке өндірістік бақылау қызметін құруды ұсынды. Сондай-ақ ол Қарағанды облысындағы шахтада болған қайғылы оқиғаға кінәлі адамдарды қатаң қылмыстық жауапкершілікке тарту қажеттігін атап өтті.

Сүйіндік Алдашев еліміздегі өңдеу өнеркәсібі саласындағы түйткілдерге тоқталды. Палата Төрағасы бұл депутаттық сауал Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын орындаудан туындайтынын айтты. Осыған байланысты, Сенат Регламентіне сәйкес алдағы отырыстардың біріне басшылық пен мүдделі министрліктердің өкілдері шақырылады. Олар мәселені талқылауға қатысып, сауалға толық жауап береді.

Жанна Асанова ауруханаларда реанимациялық және операциялық бөлмелер электр резервімен жабдықталмағанына алаңдаушылық білдірді. Сенатор ауылдық ауруханаларға ерекше назар аудара отырып, аталған нысандарды үздіксіз қуат көзімен қамтамасыз етуге шақырды.

Дархан Қыдырәлі елімізде мемлекеттік архивтердегі қоймалардың толып қалғанын айтып, проблеманы шұғыл шешу қажет екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол мемлекеттік архивтердің көпшілігі қолданыстағы ережелерге сәйкес келмейтін ғимараттарда орналасқанына назар аударды.

Талғат Жүнісов агроөнеркәсіптік ғылымды дамыту ісін жандандыруды ұсынды. Сенатордың айтуынша, бірінші кезекте, еліміздің қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін ғылыми-технологиялық дамытудың кешенді бағдарламасын қабылдау қажет.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

 

Бөлісу