Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар ақпараттық қауіпсіздік туралы заңды мақұлдады

30.11.2023 279

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар ақпараттық қауіпсіздік туралы, Салық кодексіне және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарды қарады. Сондай-ақ олар депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс кезінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды. Мәулен Әшімбаев бұл құжат азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтуге және оларды қылмыстық әрекеттерден қорғауға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар осы заң аясында цифрлық майнинг саласындағы бақылау күшейтіледі. Одан бөлек, Қазақстан Республикасының төрт кодексіне және он заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Атап айтқанда, алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатымен адамдарға банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқығы беріледі. Бұл шара заңдағы маңызды жаңашылдықтардың бірі болып саналады. Сондай-ақ, бұған дейін де айтылғандай, мемлекеттік органдардың және мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілерімен интеграциялану болмаған, технологиялық құралдарды пайдаланып субъектіні сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салу белгіленеді.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстанды «IT» мемлекетке айналдыруды маңызды стратегиялық міндеттердің бірі ретінде белгіледі. Бүгінде азаматтарымызға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көп бөлігі электронды форматта жүзеге асырылуда. Осыған орай ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығы артып отыр. Соған байланысты, Парламенттің бір топ депутаты осы заңды әзірледі. Алдағы уақытта мақұлданған заң азаматтарымыздың мүдделерін қосымша қорғауға және саланың одан әрі дамуына септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Бұл құжат осы саладағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған.

Талқылау нәтижесінде Сенат депутаттары заңды концептуалды түрде қолдады. Алайда, оған бірқатар ұсыныс енгізіп, заңды Мәжіліске қайтарды. Нақты айтқанда, сенаторлар елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды сақтауға және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жақсартуға арналған түзетулер енгізді.

Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралып, мақұлданды. Құжатта кәсіпкерлер үшін қолайлы орта құруға және инвестициялар тартуға бағытталған ережелер бар. Заңнамалық түзетулер арнайы экономикалық аймақтарға қатысушыларды олар іске асыратын жобаның құнына қарай санаттарға бөлуді көздейді. Жобаның құны неғұрлым жоғары болса, кәсіпорынға мемлекеттен берілетін жеңілдіктер мерзімі де соншалық ұзағырақ болады. Мұндай тәсіл АЭА қатысушыларының салық аударымдары есебінен республикалық және жергілікті бюджеттерді толықтыруға бағытталған. Сондай-ақ жоғары технологиялық, капиталды қажет ететін және инновациялық өндірістерді тартуды ынталандырады.

Қазақстандықтарға өз құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғауда конституциялық құқықты толық іске асыруға мүмкіндік беру жөніндегі норма да заңға енгізілген маңызды новеллалардың бірі екенін атап өткен жөн.

«Бұл заңдар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру мақсатымен әзірленген. Салық кодексінде соттарда мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру тәртібі мен шарттары анықталады. Бұған қоса, келесі жылдан бастап азаматтар Конституциялық Сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баж төлемейді. Бұл ережелер сот төрелігіне қолжетімділікті арттырады. Сондай-ақ заңдар аясында салықтық әкімшілендіруді одан әрі оңайлатуға және әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған нормалар қарастырылған. Талқылау барысында заңға бірқатар түзетулер енгіздік. Алдағы уақытта осы заңдар еліміздің салық заңнамасын одан әрі дамытуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Нұрлан Бекназаров Қарағанды облысындағы кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселелерді көтеріп, жоғары айыппұлдарға, жеке сот орындаушыларына шамадан тыс төлемдерге және салық есептілігіне байланысты түйткілдерге назар аударды.

Руслан Рүстемов балалар театрлары мен қуыршақ театрларының репертуарында ұлттық фольклорға негізделген қазақ тіліндегі қойылымдардың болмауына қатысты мәселені атап өтті. Осыған орай депутат театр салуды және балалар мұражайын ашуды ұсынды.

Ольга Булавкина еліміздің шекаралас аймақтарындағы инфрақұрылымның жай-күйін сынға алды. Сенатор Үкіметті іске асыру мерзімдері мен қаржыландыру туралы ақпаратты көрсете отырып, жаңадан құрылған әкімшілік аумақтарды оңалтудың жол картасын әзірлеуге шақырды.

Сұлтан Дүйсембинов тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша басқару жүйесінің жоқтығына алаңдаушылық білдірді.

Амангелді Нұғманов Үкіметке жергілікті жерлерде ауқымды жобаларды және бағдарламаларды сапалы әрі тиімді іске асыру үшін мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін белсендірек жұмылдыру қажет екенін айтты.

Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында ауыр жүктердің салдарынан жолдардың бұзылу проблемасына тоқталды. Депутат бұл бағытта бірқатар шара ұсынды. Олардың қатарында ауыр жүк көліктерін бақылау мен өлшеуді полиция функцияларына қосу жөнінде ұсыныс бар.

Андрей Лукин әріптестерінің назарын зияткерлік меншік құқығын сақтау, соның ішінде ғылым, әдебиет және өнер туындыларын жасау және пайдалану мәселелеріне аударды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу