Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері креативті индустрияны дамыту мәселелерін талқылады

06.12.2023 213

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата жанындағы Жас сарапшылар клубының отырысы өтті. Онда қатысушылар Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында белгілеп берген креативті индустрияны дамыту мәселелерін және осы бағыттағы басты міндеттерді іске асыруға арналған бірлескен жұмыс форматын талқылады. Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.

Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда креативті индустрия қарқынды дамып келе жатқанын және бұл сала жаһандық экономиканың маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында жариялаған Жолдауында елімізде осы секторды дамытуға қатысты басымдықтарға назар аударды. Палата Төрағасының айтуынша, қолға алынған істі сапалы жүзеге асыру үшін барлық мүдделі тарап бірлесіп, жүйелі жұмыс жүргізуі қажет.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауда Қазақстанда креативті индустрияны дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Бұл бағытта мемлекеттік органдар құқықтық жағдай қалыптастырып, өңірлерде креативті жобаларды дамытып, өнімдерді коммерцияландыруға көмек көрсетіп, кешенді жұмыс жүргізуге тиіс. Бүгінде еліміздің заңнамасына енгізу үшін бірқатар өзгеріс әзірленіп жатыр. Жалпы, қазір саланы одан әрі тиімді дамытуға қажетті негіз қалыптасып келеді. Осы жұмыс аясында депутаттар, мемлекеттік институттар, креативті индустрия өкілдері және сарапшылар арасында нәтижелі диалог қалыптастыру аса маңызды», – деді Палата Төрағасы.

Талқылау барысында Мәулен Әшімбаев отандық креативті индустрияның даму әлеуеті айтарлықтай жоғары екеніне назар аударды. Ол, ең алдымен, азаматтардың шығармашылық және зияткерлік капиталына негізделген. Сондай-ақ инклюзивті экономиканың даму көзі ретінде жұмыс істеп келеді. Дегенмен, Қазақстанда бұл саланың жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі бүгінде 1 пайызға да жетпейді. Жұмыспен қамту бағытындағы үлес те төмен.

«Бүгінде креативті индустрия саласында жүрген азаматтар үшін практикалық қадамдар маңызды екенін білеміз. Сондықтан біз қажетті заңнамалық өзгерістер қабылдамас бұрын осы мәселеге тоқталып, өздеріңізбен бірге саланы егжей-тегжей зерделеп алуды жөн көрдік. Қазір Парламенттің бір топ депутаты «Мәдениет туралы» және «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін пысықтауда. Осы орайда сенаторлар креативті индустрияны дамыту мәселесі бойынша бірқатар кездесу өткізді. Алдағы уақытта соның нәтижелері бойынша тиісті ұсыныстар дайындайды», – деген Мәулен Әшімбаев мүдделі тараптарды Палатаның заң шығару жұмысына қатысуға шақырды.

Кездесу барысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева креативті индустрия саласын дамытуға арналған кешенді шаралар мен стартап-жобалар туралы айтты. Ол бұл бағытта ірі қалалардан өңірлерге қарай ойысу басым міндеттердің бірі екенін тілге тиек етті. Мұндай қадам мамандардың әр облыс орталығында немесе қалада жергілікті таланттармен жұмыс істеп, олардың әлеуетін ашуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар зияткерлік меншікті қосымша құнды құрайтын жабдық немесе технология сияқты мүлік ретінде қарастырудың маңызы зор.

Іс-шарада Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері сөз алып, жаңа экономикалық үлгіге көшу жағдайында креативті индустрияны дамытуға қатысты өз ұсыныстарын айтты. Олар негізінен медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технологиялар және тағы басқа салалар бойынша әзірленіп жатқан жобаларды қамтиды. Сондай-ақ қолданыстағы жобалар жөнінде де сөз болды. Бұл тәжірибелерді ескерудің және оларды нарықтың қазіргі сұраныстарына бейімдеудің маңызы зор.

Клуб отырысында ақын және музыкант Мақпал Жұмабай, Pygmalion галереясының көркемдік директоры Әнуар Мүсірепов, «ҚАШ» фильмінің продюсері, Qara Studios-тің бас продюсері Еркебұлан Күрішбаев, JUZ Entertainment лейблінің продюсері Ерболат Беделхан, заңгер, креативті продюсер Нұрдәулет Бекжан, «Мануфактура ER» компаниясының негізін қалаушы Александр Ермаков және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы креативті туризм департаментінің басшысы Ирина Харитонова өз жұмыстары және саланың даму перспективалары туралы сөз сөйледі.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу