Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенат Төрағасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті Төрағасының орынбасарымен кездесті

26.01.2024 471

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті Төрағасының орынбасары Хао Минцзинмен кездесті.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Қытай арасында ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан достық пен өзара қолдауға негізделген белсенді саяси диалог қалыптасқанын атап өтті. Стратегиялық ынтымақтастықтың нығаюына екі ел басшыларының өзара сенімге табан тіреген қарым-қатынасы зор ықпалын тигізіп келеді. Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған сапарлары нәтижесінде 28 екіжақты құжатқа және 78 коммерциялық келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ Палата Спикері парламентаралық деңгейдегі өзара іс-қимылды халықаралық ұйымдар аясында да одан әрі арттырудың маңызды екеніне назар аударды.

«Біз Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысымен ынтымақтастықты дамытуға және заңнамалық бағытта тәжірибе алмасуға мүдделіміз. Екі елдің заң шығарушы органдарында парламентаралық достық топтары құрылған. Нақты әрі өзекті мәселелерді шешу жолында осы топтардың әлеуетін пайдалануымыз керек. Бұл ретте достық топтарына мүше депутаттардың қатысуымен өзара сапарлар ұйымдастырудың және тұрақты комитеттер арасында байланыс орнатудың маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіне қатысты ауқымды мәселелерді де талқылады. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға да баса мән берілді. Атап айтқанда, инвестициялық ынтымақтастық, туризм, сумен қамтамасыз ету және тағы басқа бағыттар бойынша өзара байланысты жандандыруға қатысты тың бастамалар сөз болды.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін Палата атқарып келе жатқан жұмыстар жөнінде айтты.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Қытайдың буддизм және даосизм қауымдастықтарына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне жүйелі түрде қатысып және Форум идеяларын қолдап келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

«Былтырғы қазан айында Астанада Съезд Хатшылығының XXI отырысы өтті. Онда біз Съезді дамытудың алдағы 10 жылға арналған тұжырымдамасын қабылдадық. Құжатта Форум дамуының жаңа кезеңі мен мақсат-міндеттері айқындалған. Қытайдың буддизм және даосизм қауымдастықтарының басшылығы Съезд аясындағы іс-шараларға тұрақты әрі белсенді түрде қатысып келеді. Алдағы уақытта да осы бағыттарда Қытай өкілдерімен бірлескен жұмысымызды жалғастыра береміз деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Хао Минцзин Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси жаңғыртуларды жоғары бағалап, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ ол түрлі діндер арасында диалог қалыптастыру және жаһандық қауіпсіздік мәселелерін ілгерілету жолында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысы маңызды рөл атқаратынын айтты.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

 

Бөлісу