Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Халықаралық қызмет

Мәулен Әшімбаев АҚШ Конгресінің сенаторымен кездесті

26.03.2024 187

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев АҚШ Конгресінің сенаторы Стив Дэйнспен кездесті. Онда тараптар екіжақты парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Сұхбат барысында Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасын дамытуда жоғары деңгейдегі мемлекетаралық тұрақты саяси диалогтың ықпалы зор екені айтылды. Былтыр қыркүйек айында екі елдің Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джо Байден Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында өткен С5+1 саммиті аясында кездескен еді. Сондай-ақ өткен жылдың ақпанында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға ресми сапармен келгені белгілі.

Кездесуде көпжақты және парламентаралық байланысты дамыту мәселелеріне де баса мән берілді.

«Екі елдің Президенттері өзара қарым-қатынасымыздың стратегиялық басымдықтары мен күн тәртібін белгілеп, Қазақстан-Америка байланысын әрі қарай дамыту үшін маңызды қадамдар жасады. Қазіргі таңда мемлекеттеріміз арасында қарқынды саяси диалог қалыптасқан. Сауда-экономикалық өзара іс-қимыл да белсенді дамып келеді және ауқымды шарттық-құқықтық база бар. Елдеріміздің лидерлері белгілеп берген тығыз ынтымақтастық басқа салаларда, оның ішінде заң шығарушы органдар арасында да жоғары деңгейде қолдау табуға тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сұхбаттасушылар Парламент депутаттарының сауда-экономикалық ынтымақтастық бағытындағы бірлескен жұмысын және басқа да мәселелерді талқылады.

Сенат Спикері Парламенттің Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына, сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Тұжырымдамасының іске асырылу барысына да тоқталып өтті.

Өз кезегінде Стив Дэйнс Қазақстанда жүргізілген кешенді жаңғыруларды жоғары бағалады. Сондай-ақ сенатор біздің елде демократияны дамытуға, жаңа экономикалық үлгіге көшуге және рухани дипломатияны өркендетуге арналған шаралардың тиімділігіне назар аударып, өзара бірлескен жұмысты жандандыруға бейіл екенін атап өтті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

 

Бөлісу