Сенат депутаттары Евгений Больгерт, Закиржан Кузиев және Нурия Ниязова Америка Құрама Штаттарынан келген делегациямен кездесу өткізді. Делегация құрамында діни, қоғамдық және конфессияаралық ұйымдардың беделді өкілдері болды.
Кездесу барысында сенатор Евгений Больгерт құттықтау сөз сөйлеп, АҚШ делегациясының сапары этносаралық және конфессияаралық өзара іс-қимыл мәселелеріне тараптардың жоғары қызығушылығын көрсететінін атап өтті. Тараптар стратегиялық сипаттағы Қазақстан–АҚШ қатынастары еліміздің сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін және мұндай кездесулер екіжақты сенім мен серіктестікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстанның этносаралық келісім мен діни төзімділік саласындағы тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Сенаторлар Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі, этномәдени бірлестіктер өкілдері болып саналатын сенаторлардың рөлі, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау мен діни сенім бостандығына қатысты жүргізіліп жатқан реформалар туралы баяндады. Сонымен қатар, ұлттық бірлік пен теңдікке қол жеткізуде институционалдық тетіктер – Ұлттық құрылтай мен Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі арқылы жүзеге асырылып жатқан жұмыстар атап өтілді.
Кездесу барысында қатысушылар биыл қыркүйекте Астанада өтетін Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезін талқылады. Сенаторлар америкалық тарапқа алдыңғы съездерге белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, жаһандық конфессияаралық диалогты ілгерілету жолында табысты ынтымақтастық жалғасады деген үміттерін жеткізді. Биылғы форумға АҚШ-тан 12 өкілге шақыру жіберілген, бұл – шақырылған ұлттық делегациялар ішіндегі ең ірісі.
Кездесу соңында қатысушылар бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ екі ел халқы арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайту жолында бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)