Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Халықаралық қызмет

Сенат депутаттары «Қытай – ШЫҰ» семинарына қатысты

21.07.2025 3596

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі мен Марат Қожаев «Қытай – ШЫҰ» парламентшілеріне арналған «ШЫҰ-ның біртұтас тағдыры қауымдастығын қалыптастыру мақсатында заң шығару органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту» тақырыбы бойынша өткен семинарға қатысты.

Қазақстандық сенаторлар семинар барысында басқа елдерден келген әріптестерімен бірге өзекті мәселелерді талқылады. Оның ішінде заң шығару органдары арасында тәжірибе алмасу мақсатында тұрақты тұғырнама құру, мемлекеттік басқару саласындағы өзара іс-қимылды нығайту, экономика мен сауда саласында өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту, 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған БҰҰ-ның күн тәртібін жүзеге асыруға жәрдемдесу, «Шанхай рухын» ілгерілету және жаһандық басқару жүйесіне ұйымның қосқан үлесі туралы тақырыптар бар.

Дархан Қыдырәлі өз сөзінде қазіргі әлем бастан кешіп жатқан қарқынды трансформациялар жағдайында осы семинардың ерекше мәні мен маңызы бар екенін атап өтті. Бұл шара Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің заң шығару органдары арасындағы тәжірибе алмасу мен өзекті мәселелерді шешуде жалпы тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік беретін ерекше алаң болып табылады.

«Орнықтылықты қамтамасыз ету мен стратегиялық шешімдерді жүзеге асыруда заң шығару органдары шешуші рөл атқарады. Біз халықтардың өкілі ретінде сенім ахуалын қалыптастыра аламыз, идеялар алмасуға жәрдемдесеміз, ШЫҰ бастамаларын қоғамдық қолдау үшін тұғырнамалар құра аламыз. Сондай-ақ оны қоғамда тереңдету үшін қолайлы саяси орта қалыптастыра отырып, көпсалалы ынтымақтастықтың маңыздылығын түсінуге жәрдемдесе аламыз.  Заң шығарушы органдар арасындағы диалогты дамыту елдеріміз бен халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосады», - деді Дархан Қыдырәлі.

ҚХР-ға сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Пэн Цинхуамен кездесу болды. Тараптар кездесу барысында ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Қазақстандық депутаттар Шыңжаң - Ұйғыр автономиялық ауданында болып, Зумрат Обул өңірінің Халық Өкілдері Жиналысының Тұрақты комитетінің директорымен кездесті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу