ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина сенатор Стефани Д' Оз бастаған Бельгия Федералдық Парламенті Сенатының делегациясымен кездесті. Тараптар парламентаралық ынтымақтастық, саяси диалогты нығайту, сондай-ақ экономика, көлік және логистикадағы өзара іс-қимылдың келешегі туралы ауқымды мәселелерді талқылады.
Ольга Перепечина Бельгия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі әріптесінің бірі екенін атап өтті. Ол заң шығарушы органдар деңгейінде өзара парламентаралық іс-қимылды дамытуға жұмыс істейтін достық топтары тұрақты және сындарлы диалогқа қосымша мүмкіндік туғызуда ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
«Біздің елдеріміз соңғы үш онжылдықта берік байланыс орнатты және екіжақты өзара іс-қимылдың көптеген бағыты бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізді. Біз ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда парламенттік дипломатия маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз. Ал біздің парламенттеріміздің достық топтары мен салалық комитеттері диалог бойынша қосымша тұғырнама бола алады», - деп атап өтті Ольга Перепечина.
Тараптар сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын, жасыл энергетиканы және климаттық күн тәртібін дамыту мәселелерін талқылады. Цифрлық технология және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық дербес бағытқа айналуда.
Стефани Д' Оз әңгіме барысында Қазақстан мен Бельгия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға назар аударды.
Кездесуге Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, сенаторлар Ольга Булавкина, Айгүл Қапбарова және Алишер Сатвалдиев қатысты.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)