Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев Венгрия Мемлекеттік жиналысының Төрағасы Ласло Кёвермен кездесті. Онда тараптар ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылап, парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі арттырудың басым бағыттарын айқындады.
Мәулен Әшімбаев мейманға ілтипат білдіріп, Венгрия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды және сенімді серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы сындарлы және стратегиялық қарым-қатынасқа жоғары баға беріп, жоғары деңгейде тұрақты саяси диалог орнағанын айтты.
«Қазіргі таңда біздің елдеріміз арасында мазмұнды саяси диалог жолға қойылған. Экономикалық өзара іс-қимыл мен мәдени-гуманитарлық байланыстар да айтарлықтай дамып келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың былтыр Венгрияға жасаған мемлекеттік сапары табысты өтіп, ынтымақтастығымыз одан әрі нығая түсті. Сапардың нәтижесінде екі елдің стратегиялық серіктестігін нығайту және ортақ бастамаларды іске асыру мәселелеріне арналған Бірлескен мәлімдеме қабылданды. Сондай-ақ сауда-экономика саласында бірқатар маңызды келіссөзге қол қойылды. Біз Қазақстан Парламенті мен Венгрия Мемлекеттік жиналысы арасында қалыптасқан достық байланысты жоғары бағалаймыз және оны әрі қарай нығайтуға мүдделіміз», – деп, Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Венгрияның заң шығарушы органдары арасындағы қарым-қатынасты әрі қарай жандандырудың маңызды екенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар кездесуде Еуропа Кеңесі, ЕҚЫҰ және Парламентаралық Одақтың достық топтары мен Парламенттік Ассамблеялары аясында өзара іс-қимылды дамыту перспективалары әңгімеге арқау болды. Венгрия бақылаушы ел ретінде қатысатын Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы шеңберіндегі ынтымақтастыққа да баса мән берілді. Бұл ретте сауда-экономикалық, инвестициялық қарым-қатынасты, білім беру саласын және екі тарап та мүдделі өзге салаларды дамытуда депутаттардың рөлі талқыланды.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы рухани дипломатияны ілгерілетудің маңызына тоқталып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі көздеген мақсаттарға қол жеткізуге қосқан үлесі мен белсенді қолдауы үшін Венгрия тарапына ризашылық білдірді. Биыл Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне алғаш рет Венгрияның Шіркеулер, азшылықтар және азаматтық мәселелер істері жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Миклош Шолтес қатысты.
Өз кезегінде Ласло Кёвер парламентаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызына назар аударып, Қазақстан мен Венгрия арасындағы қарым-қатынастың одан әрі артуына мүдделі екенін жеткізді.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)