Парламент Сенатында депутаттар Марокко Корольдігі Парламенті Өкілдер палатасының делегациясымен кездесті. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев қазақстандық парламентшілер екіжақты байланыстарды одан әрі тереңдетуге дайын екендігін атап өтті.
Сенатор Қазақстан мен Марокконы сенім мен өзара сыйластық қатынастары байланыстыратынын атап өтті. Оның айтуынша, біздің еліміз Марокконы Африкадағы ғана емес, ислам әлеміндегі негізгі әріптесінің бірі ретінде қарастырады. Ауқымды ынтымақтастық аясында экономика мен инвестициядан бастап мәдени-гуманитарлық байланыстарға дейінгі бағыттар қамтылып отыр.
«Соңғы жылдары сауда-экономикалық ынтымақтастық көлемі айтарлықтай өсіп келеді. 2024 жылы тауар айналымы 274 млн АҚШ долларын құрады, ал ағымдағы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша 250 млн долларға жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға артық», - деп атап өтті сенатор.
Инвестиция және технология салалары да ынтымақтастықтың келешегі зор бағыты болып қала береді.
«Қазақстандық компаниялар Мароккода жаңа жобаларды іске асыруда. Олардың ішінде зияткерлік көлік жүйелерін енгізу және инвестиция көлемі шамамен 25 млн доллар болатын өнеркәсіп кәсіпорын салу туралы жоба да бар. Бұл бастамалар инновация мен өндірістегі өзара іс-қимылдың әлеуеті жоғары екенін айғақтайды», - деді Сүйіндік Алдашев.
Кездесуге қатысушылар Марокко делегациясының сапары парламентаралық диалогты кеңейту және жан-жақты әріптестікті дамыту жолындағы маңызды қадам болатынын атап өтті. Тараптар Қазақстан мен Марокко арасындағы достық байланыстар дәйекті түрде нығая беретініне сенім білдірді.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)