Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин Бейтараптық достар тобына мүше елдердің Парламент басшыларының «Парламентаралық диалог – әлемдегі бейбітшілік пен сенімді қамтамасыз етудің маңызды құралы» тақырыбы бойынша өткен екінші кездесуіне онлайн түрде қатысты.
Түрікменстан Мәжілісі ұйымдастырған шарада аймақтық және жаһандық деңгейде сенімділік, тұрақтылық және серіктестікті нығайтудағы парламенттік дипломатияның рөлін талқылау мақсатында парламентшілер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бас қосты.
«Қазіргі заманғы геосаяси қатерлер жағдайында парламентаралық өзара іс-қимыл мен диалогтың маңызы елеулі түрде арта түсті. Қазақстан әрқашан да сенімді нығайту, бейбітшілік пен орнықты дамуды қолдау бағытын ұстанып келеді», - деді сенатор.
Сенат депутаты кездесуді ұйымдастырғаны үшін түрікмен тарапына алғыс білдіре келіп, әсіресе цифрландыру, экология және су-энергетикалық қауіпсіздік салаларындағы өңірлік ынтымақтастықты тереңдету қажеттігіне баса назар аударды. Бұл бағыттар Орталық Азияның орнықты дамуы үшін маңызды болып отырғаны атап өтілді.
«Қазақстан Парламенті заңнамалық тәсілдерді үндестіру және өңір елдері арасындағы орнықты өсіп-өркендеу, қауіпсіздік пен сенімді нығайту жөніндегі бастамаларды іске асыруды көздейтін бірлескен қадамдарға дайын. Парламенттердің келісілген іс-қимылдары Орталық Азиядағы орнықты және болжамды ынтымақтастықтың сипатын қалыптастыру үшін берік негіз жасайды», - деді Андрей Лукин.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)