Палата депутаттары Жақып Асановтың төрағалық етуімен Парламент Сенатында Швейцария Федералдық Жиналысы Кантондар Кеңесінің депутаттарымен, «Қазақстан – Швейцария» парламентаралық достық тобының тең төрағасы Йозеф Диттлимен кездесті.
Тараптар екіжақты қатынастарды нығайту, парламентаралық өзара іс-қимыл және ынтымақтастықтың бұдан былайғы келешегіне қатысты көптеген мәселелерді талқылады. Сондай-ақ Қазақстанның 2026 жылы ЕҚЫҰ-ға алдағы төрағалығына ерекше назар аударылды және тығыз өзара іс-қимылға дайын екендіктері айтылды.
«Қазақстан мен Швейцария отыз жылдан астам уақыт бойы жаһандық күн тәртібіне ұқсас көзқарас пен өзара сыйластыққа негізделген берік және сенімді қарым-қатынастар орнатты. Парламенттік дипломатия ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады, сондай-ақ ЕКПА, ЕҚЫҰ және Парламентаралық Одақ сияқты халықаралық ұйымдар аясындағы парламентаралық достық топтарының жұмысы мен өзара іс-қимылының маңызы зор», - деп атап өтті Жақып Асанов.
Келіссөздердің бір бөлігі экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға арналды. Швейцария Қазақстанның ең ірі инвесторларының үштігіне кіретіні, ал елдер арасындағы тауар айналымы тұрақты өсім көрсетіп отырғаны атап өтілді.
«Швейцария Қазақстанның Еуропадағы негізгі экономикалық әріптесінің бірі болып табылады. Бұл ел 20 ірі сауда әріптестің қатарына кіреді және жалпы инвестициясы 35 млрд АҚШ долларынан асатын жетекші шетелдік инвесторлардың үштігінен орын алып отыр. Биыл Қазақстандағы ең ірі инвестордың біріне айналған швейцариялық Stadler компаниясының жобаларына ерекше мән беріледі. Біздің елімізде шетелдік компаниялардың мүдделерін қорғау және олардың инвестициялық қызметін дамыту үшін заңнамалық деңгейде барлық қажетті жағдай жасалған», - деді сенатор.
Жақып Асанов Сенат парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға және екі ел арасындағы өзара іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ниетті екенін атап өтті.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)