Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Халықаралық қызмет

Қазақстан мен Қытай парламентаралық ынтымақтастықты нығайта түсті

17.10.2025 441

ҚР Парламенті Сенатында Палата Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетіндегі Депутаттар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Го Чжэньхуа бастаған делегациямен кездесті.

Жүздесушілер Қазақстан-Қытай қатынастарын одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін, түрлі саладағы сенімді нығайту мен ынтымақтастықты ілгерілетудегі парламентаралық диалогтың рөлін талқылады. Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық диалогты дамытуда парламенттік дипломатияны өрістетудің маңызына тоқталды және заң шығарушы органдар деңгейіндегі ынтымақтастық сенімді нығайту мен екіжақты бастамаларды кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.

«Қытай Қазақстанның негізгі әріптесінің бірі болып табылады, ал екі елдің парламенттері арасындағы байланыс екіжақты күн тәртібін ілгерілету мен әріптестіктің тұрақты келбетін қалыптастырудың маңызды құралына айналды. Біздің елдеріміз арасында сыйластық, теңдік және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген жоғары деңгейдегі саяси сенімді қатынастар қалыптасты. Парламентаралық ынтымақтастық ерекше рөл атқарады, заң шығару саласында тәжірибе алмасу және бірлескен бастамаларды іске асыруда зор мүмкіндіктер туып отыр», - деп атап өтті Ольга Перепечина.

Тараптар сондай-ақ экономика, инвестиция, ғылым, білім және гуманитарлық алмасулар саласындағы бірлескен жұмыстардың келешегін талқылады. Ынтымақтастықтың құқықтық базасын нығайтуға, сондай-ақ стратегиялық жобаларды қолдауға бағытталған парламенттік бақылау тетіктерін дамытуға ерекше назар аударылды.

Қытай парламентшілері өз кезегінде парламентаралық өзара белсенді іс-қимылды жалғастыруға және стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

 

Бөлісу