Сенатта Вице-Спикер Ольга Перепечина мен БҰҰ Тұрғын халық жөніндегі қорының Қазақстан, Қырғызстан және Түркіменстан бойынша аймақтық бөлімшесінің басшысы Чинве Огбоннаның кездесуі өтті. Кездесуге сондай-ақ Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова қатысты.
Вице-Спикер Қазақстанның БҰҰ ТХҚ-мен көпжылдық ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтіп, Қордың денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, әйелдер құқығын қорғауға және гендерлік теңдікті ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалады.
«Біз БҰҰ ТХҚ-ның еліміздің репродуктивті денсаулық, адам құқықтары және орнықты демографиялық даму салаларындағы әлеуетін нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Қордың қызметі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған ауқымды әлеуметтік реформаларды табысты іске асыруға ықпал етеді», - деді Ольга Перепечина.
Тараптар 2026-2030 жылдарға арналған БҰҰ ТХҚ-ның жаңа Елдік бағдарламасы аясындағы өзара іс-қимыл болашағын талқылады. Бұл бағдарлама репродуктивті денсаулық саласындағы сапалы қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ әйелдер мен жастардың құқықтарын қорғау саласындағы құқықтық және институционалдық базаны нығайтуға бағытталған.
«Сенат отбасы институтын нығайтуға, жастар саясатын дамытуға және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күресуге бағытталған уағдаластықтарды іске асыруға жәрдемдесуге дайын. Әрбір әйел мен әрбір бала мемлекеттің қорғауын және қолдауын сезінуі маңызды», - деп атап өтті Ольга Перепечина.
Кездесу соңында Вице-Спикер БҰҰ ТХҚ өкілдеріне сындарлы диалог үшін алғысын білдіріп, Сенаттың әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)