Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Халықаралық қызмет

Сенат Төрағасы Қасиетті Тақтың Қазақстандағы Апостолдық нунциімен кездесті

02.12.2025 274

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қасиетті Тақтың Қазақстан Республикасындағы Апостолдық нунциі Джордж Джордж Панамтундилмен кездесті. Онда рухани дипломатияны ілгерілету және халықаралық серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланды.

Сенат Төрағасы Апостолдық нунциге ілтипат білдіре келіп, соңғы жылдарда Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы көпжақты байланыс айтарлықтай жанданып, жаңа деңгейге көтерілгенін және еліміз оны одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан Президентінің Ватиканға ресми сапары екіжақты ынтымақтастықтың дамуына тың серпін бергенін айтты.

«Қазақстан Қасиетті Тақпен арадағы жүйелі түрде кеңейіп келе жатқан тығыз қарым-қатынасқа үнемі баса мән береді. Жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар Қазақстан мен Ватикан арасындағы достық қарым-қатынастың берік негізін қамтамасыз етеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр Ватиканға ресми сапары кезінде Қазақстан шынайы достыққа, келісім мен өзара құрметке негізделген Қасиетті Тақпен арадағы бұрыннан келе жатқан серіктестік байланыстарды жоғары бағалайтынын атап өтті. Жақында Қасиетті Тақ жанында Қазақстан Елшілігінің ашылуы екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуды көздейтін шынайы ниетіміздің жарқын көрінісі екені анық», – деп, Мәулен Әшімбаев Қасиетті Тақтың Апостолдық нунциіне диалог пен ынтымақтастықты арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар Палата Спикері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеяларын жан-жақты және дәйекті қолдағаны үшін Ватикан тарапына алғыс айтты. Кездесуде Съездің бірлескен күш-жігердің арқасында діндер арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтуға арналған іргелі алаңға айналғаны сөз болды. Сондай-ақ Сенат Төрағасы қазіргі сын-қатерлерді еңсеру жолында рухани дипломатияның маңызына тоқталып, Қазақстанның конфессияаралық келісімді дамытуға және жаһандық дінаралық диалогты ілгерілетуге арналған бастамаларына назар аударды.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің күн тәртібі өзекті және мазмұнды болды. Біз БҰҰ Өркениеттер Альянсымен бірлесіп, діни нысандарды қорғау жөнінде арнайы сессия өткіздік. Одан бөлек, Жас діни лидерлердің екінші форумы ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға түрлі діни конфессиялардың өкілдері, ғалымдар, сарапшылар қатысты. Съезд аясында қазіргі халықаралық қатынастардағы рухани дипломатияның рөліне арналған сараптамалық дөңгелек үстел де өткізілді. Осындай бастамалардың бәрі мәдениеттер мен діндердің жақындасуына айтарлықтай үлес қосты деуге толық негіз бар», – деп, Мәулен Әшімбаев алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын атап өтті.

Өз кезегінде, Джордж Панамтундил Қасиетті Тақ Қазақстанның бейбіт бастамаларын толық қолдайтынын айтты. Сонымен бірге ол толеранттылық, үйлесімділік және бауырластық идеяларын дәріптеуге мүдделі екенін растады.

Кездесуде тараптар денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет және басқа да бірқатар саладағы байланыстарды кеңейту мәселелеріне қатысты пікір алмасты.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

 

Бөлісу