Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Халықаралық қызмет

Сенатор Талғат Жүнісов Қырғызстандағы парламенттік сайлауды халықаралық деңгейде бақылауға қатысты

03.12.2025 169

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісов Қырғызстанда өткен Жогорку Кенешке мерзімінен бұрын сайлауды бақылаған ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушылары құрамында болды.

Дауыс беру күні байқаушылар Бішкек қаласындағы бірнеше сайлау учаскесіне барып, сайлау үдерісінің ұйымдастырылуын, белгіленген рәсімдердің сақталуын және азаматтардың сайлау құқықтарының қамтамасыз етілуін бағалады. Ерекше назар учаскелердің қолжетімділігіне, сайлау комиссияларының жұмысының сапасына, сондай-ақ дауыс беру және дауыстарды санау рәсімдерінің ашықтығына аударылды.

Сайлау мажоритарлық жүйе бойынша өткізілді. Әрқайсысында үш депутаттан сайланатын 30 көпмандатты округтен тұратын бірыңғай сайлау моделі енгізілді. Қырғызстан аумағында 2 492 сайлау учаскесі және 34 шет мемлекетте 100 учаске уақытылы құрылды.

Сайлауда қашықтан дауыс беру де қолданылды. Бұл азаматтарға тіркелген округінен тыс кез келген учаскеде жеке басын сәйкестендіріп, дауыс беруге мүмкіндік берді.

Сарапшылардың айтуынша, мониторинг қорытындысы тыныш әрі конструктивті ахуалды көрсетті. Дауыс беру процесі Қырғыз Республикасының заңнамасына және халықаралық стандарттарға сәйкес өтті. Азаматтардың еркін таңдау жасауына қажетті жағдайлар қамтамасыз етілді.

«Демократиялық институттарды дамыту, сайлаудың ашықтығы мен сенімін арттыру - әрі қарай да жүйелі түрде жұмыс істеуді талап ететін маңызды бағыттар. Халықаралық бақылау елдер арасындағы өзара іс-қимылды және тәжірибе алмасуды нығайтуға ықпал етеді», - деді сенатор.

Айта кетейік, Қазақстан мен Қырғызстан арасында дәстүрлі түрде тығыз парламентаралық ынтымақтастық орнаған, ал халықаралық байқаушылар миссиясына қатысу екіжақты өзара іс-қимылды дамытудың маңызды элементіне айналды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

 

Бөлісу