ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Евгений Больгерт және Айнұр Арғынбекова «Қазақстан – Андорра» парламентаралық достық тобының қызметі аясында Сыртқы саясат жөніндегі комитеттің төрағасы Берна Кома бастап келген Андорра Бас кеңесінің делегациясымен кездесті. Кездесуге қатысушылар парламентаралық іс-қимыл, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, жасыл экономика, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мәселелерін талқылады.
Әли Бектаев парламентаралық диалог екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Ол Андорра Бас кеңесі де Қазақстан Сенаты секілді өз елдерінің өңірлерінің мүддесін білдіретінін, бұл тікелей және нақты байланыстар орнату үшін қосымша мүмкіндіктер туғызатынын айтты.
«Парламентаралық ынтымақтастық көпжақты форматта да - Еуропа Кеңесінің, ЕҚЫҰ-ның Парламенттік ассамблеялары, сондай-ақ Парламентаралық одақ аясында белсенді дамып келеді. Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының жұмысы аясында Қазақстан бойынша баяндама ұсынылды. ЕКПА елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен адам құқықтарын қорғау саласындағы, оның ішінде әйелдерді, мүгедектігі бар адамдарды және басқа да осал топтарды қорғауды күшейту бойынша күш-жігерімізді жоғары бағалағанын атап өткен жөн», - деді сенатор.
Сондай-ақ сенатор Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалардың барысы туралы айтып, 2019 жылдан бастап елімізде Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды трансформация бағдарламасы іске асырылып жатқанына тоқталды. Ол реформалардың жүйелі әрі жалғаспалы сипатқа ие екенін жеткізе отырып, 2027 жылы жалпыұлттық референдумда шешімі қабылданады деп жоспарланған бірпалаталы Парламентке көшу туралы бастама туралы да баяндады.
Өз кезегінде Андорра Бас кеңесінің депутаттары Қазақстандағы саяси өзгерістерді жоғары бағалап, тұрақты диалог пен екі ел Парламенттері арасындағы практикалық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, парламентаралық іс-қимылды одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)